Қарағанды облысындағы фермада аусыл індеті анықталды

Індет Киікті ауылдық округінің Талдыбұлақ қыстағындағы «Мұрат» шаруа қожалығында ірі қара мал арасында тарады. 14 қаңтарда фермерлік шаруашылық аумағында карантин жарияланды.

Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы Асқар Жақыпбаевтың шешімі бойынша дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу үшін республикалық қордан «Глюзамин ВЕТ» құралы бөлінді. Індет ошағындағы мал қан шығарылмай жойылып, кейін ауру және олармен қатынаста болған жануарлар өртеледі.

Жануарлардың өлекселерін өртеу арнайы жабдықталған инсинератор жылжымалы автокөлігінде жүргізіледі. Мал үшін өтемақы заңнамада белгіленген тәртіппен төленеді, — делінген хабарламада.

Қазіргі күні ошақтағы инфекцияны жою үшін республикалық және жергілікті ветеринарлық мекемелердің күштері тартылды.

Ауруды оқшаулау үшін 6 арнайы техника мен 25 қызметкер жұмылдырылды. Сонымен қатар, карантин соңғы ауру жануар жойылған күннен 21 күн өткен соң және ветеринариялық-карантиндік іс-шаралар өткізілгеннен кейін қорытынды дезинфекция сапасының нәтижелеріне сәйкес алынып тасталады, — деді министрлік.

  • Еске сала кетейік, аусыл — үй және жабайы жануарлардың вирустық ауруы, жіті инфекциямен, безгекпен және ауыздың шырышты қабығында, желінде және тұяқтардың терісінде күлдіреулердің пайда болуымен сипатталады. Адамдар аусылмен ауыруы мүмкін, бірақ инфекция адамнан адамға жұқпайды.