Елімізде болған жағдай біздің ғана емес, шетелдегі қандастарымыздың да назарын аудартты. Көбі алаңдаушылық білдіріп, жерлестеріне қолұшын созды. Мысалы, Түркияда мыңнан астам қазақстандық елімізге жете алмай қалған еді. Осы уақытта Ыстамбұлдағы Қазақстанның бас консулдығы мен Қазақ мәдени орталығы қандастарымыздың қолдауымен арнайы штаб құрылды. Қазақы дәстүрге сай арнайы мал сойып, ыстық тамақ беріп, жатын орындарға тегін жайғастырған, — деді баспасөз хатшысы.
Нұрымжан Жұмағазиевтің айтуынша, дәл осындай қолдауды Ресейдегі қазақ диаспорасы мен Қазақстан елшілігі Мәскеу әуежайында қалып қойған 170-тен астам отандасымызға жасаған.
Жалпы шетелдегі ағайындарымыз еліміздегі жағдайға бей-жай қарамай, жылы сөзін айтып, бізбен үнемі байланысып отырды. «Отандастар қоры» вице-президенті Мағауия Сарбасов осылай ынтымақ танытып, «бауырым» деп беріп жатқан көмегі үшін алғыс білдірді. Шынымен, басына сынақ түскен елдің берекесін бірлік қана сақтайды, — деді Нұрымжан Жұмағазиев.
Қазақстан туроператорлар қауымдастығының басшылығы қатысқан кеңейтілген кеңестің қорытындысы бойынша өзге елге демалысқа кетіп, Алматы әуежайының жұмыс істемеуіне байланысты елге орала алмай отырған азаматтарды эвакуациялау кестесі әзірленді.
Алматыт халықаралық әуежайы 13 қаңтардан жұмысын бастады. Әуежай жұмысы қалпына келгеннен кейін алғашқы рейс «Алматы-Нұр-Сұлтан» бағытында болды. Компаниялардың кестесіне сәйкес, ішкі және халықаралық рейстер 08.00-ден 21.00-ге дейін ұшады. БАӘ, Шри-Ланка, Тайланд, Мальдив аралдары және Үндістанға кеткен туристерді елге жеткізу жұмыстары мүмкіндігінше жеделдетіліп, Нұр-Сұлтан әуежайы арқылы жүргізіледі.
Сонымен бірге «Туристік қамқор» корпоратив қорының мәліметінше, 12 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанның шетелде 3 381 азаматы жүр: 1 164-і БАӘ-де, 920-ы Таиландта, 411-і Шри-Ланкада, 181-і Түркияда, 60-ы Мальдивіде.
Корпоратив қордың төрағасы Инна Рейдің сөзінше, туристер төтенше жағдайға қарамастан, Дубайға және Антальяға ұшып жатыр.
Сол себепті шетелдегі туристер саны азаймай жатқан болып көрінуі мүмкін. Осыған дейін нақты санын айту да қиын болды. Өйткені жүйе дұрыс істемеді, – деді ол.
Инна Рей шетелде қалып қойған туристер үйіне қайтып жатқанын және 14 қаңтардан бастап кестеге сай ұшатынын айтты.
Дегенмен 15 қаңтардан бастап вакцинация салғызғанына қарамастан, шетелден келгеннің барлығында ПТР сараптамасының теріс нәтижесі міндетті түрде болуы қажет.