Алматының қоғамдық денсаулық басқармасы «тәртіпсіздікті жақтаушылар» мегаполистің емханалары мен ауруханаларына кіріп, медициналық мекемелердің мүліктері мен жабдықтарына зиян келтіріп жатқанын хабарлады.
Жедел жәрдемнің 5 қызметкері, оның ішінде 2 жүргізуші мен 3 медицина қызметкері зардап шекті. Зардап шеккендер қалалық стационарларға жеткізілді. Сонымен қатар 2 жедел жәрдем көлігі жойылды, Қалалық кардиологиялық орталықта қабылдау бөлмесі мен клиникалық-диагностикалық бөлімшенің әйнектері сынған. Алмалы ауданының АМСК ғимаратында вандализм актісі тіркелді. Наурызбай ауданында №7 ҚКА қабылдау бөлмесіне пациентпен жедел жәрдем көлігінің қатынауы тоқтатылды. Сонымен қатар деструктив әрекеттерді жақтаушылар жедел жәрдем көлігін тоқтатып, балаларды ауруханаларға жатқызуға жол бермейді. Бұл әрекеттер пациенттерге уақытылы медициналық көмек көрсетуге кедергі келтіреді және азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді, — делінген хабарламада.