Ұлттық ұлан сарбазы колонияға телефон кіргізбек болған дронды атып түсірді

Бұл туралы облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мәліметінше, оқиға УГ-157/9 түзеу мекемесі маңында болған.

№1 диспетчер орнынан радиостанцияға №2 жергілікті учаске маңында, колледж ғимараты үстінде белгісіз ұшатын нысан байқалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Осы факт бойынша дереу түзеу мекемесі қызметкерлері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының жауынгерлерінен құралған кезекші топ жұмылдырылды, — делінген хабарламада.

Оқиға орнына жеткенде кезекші топ дронды байқағаны айтылды. Ұшақтың төмендегенін күткен топ оны атып түсірген. Дрон құлағаннан кейін таспаға оралған қапшық табылды.

Күдікті қапшықты ашу үшін Атырау қалалық ішкі істер бөлімінің жедел тобы шақырылды. Осыдан кейін дронға Apple iPhone 11 смартфоны мен қуаттағыш бекітілгені белгілі болды, — деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері.

Аталған факті бойынша жиналған материалдар қосымша тергеу органдарына жолданды.