Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қанша жалақы алатынын айтты

Менің жалақым шамамен 1 миллион теңге болады. Әрбір министрдің айлығын үкімет бекітеді, — деді Юрий Ильин.

Министр қатардағы құтқарушылардың жалақысы төмен екенін мойындады. Бірақ екі жылдың ішінде айлық едәуір көтеріледі.

2023 жылы барлық қызметкеріміз, төтенше жағдайлар министрлігі ғана емес, қорғаныс және ішкі істер министрліктерінің мамандары да Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне төленетін жалақының 80%-ін алады. Бұл дегеніміз, күш құрылымдарында жұмыс істейтін қызметкерлер лауазымына қарай шамамен бірдей жалақы алады, — деді Юрий Ильин.

Осы орайда журналистер министр мен қатардағы өрт сөндірушінің жалақысы арасындағы айырмашылық тым үлкен екенін айтып, Юрий Ильиннің жеке ойын сұрады.

Нақты қарайтын болсақ, өрт сөндірушілер бір тәулік, кей кезде араға бір күн салып, жұмыс істейді. Ал министр тәулік бойы, күніне 24 сағат жұмыс істейді. Сосын министрдің жауапкершілігі қатардағы өрт сөндірушіден кем емес, — деп жауап берді Юрий Ильин.

Ресми мәліметке сәйкес, азаматтық қорғаныс органдарында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңмен көтеру жоспарланып отыр. Биыл өрт сөндірушілердің жалақысы 20-50% өссе, келесі жылы тағы 29% артады.