Қорғаныс министрлігі әскерде суицидтің алдын алу жолын айтты

Бұл туралы Мәжілістегі жиыннан кейін тілшілердің сұрағына жауап берген министрдің орынбасары Дарын Тұяқов мәлімдеді.

Журналистер министрдің орынбасарынан Қазақстан армиясында жас сарбаздар арасындағы қайғылы жағдайдың азаймау себебін сұрады.

Дарын Тұяқов бұл бағытта жергілікті билік ата-аналармен бірлесіп белсенді жұмыс жүргізуі керегін айтты.

Балалар да әртүрлі, ата-ана да әртүрлі болады. Біздің елдің аумағы үлкен, сондықтан көші-қон да ауқымды. Сол себепті бұл жұмысты жүйелі жүргізу мүмкін емес. Қазір біз әскерге шақырылған азаматтың цифрлық профилін дайындап жатырмыз. Ол профильде оның қандай спорт түрлерімен әуестенетіні, математика немесе физика сынды қай бағытта белсенді айналысатыны туралы жазылады, — деді Дарын Тұяқов.

Ол жас сарбаздың цифрлық профилінде оның өз-өзіне қол жұмсауға бейімділігіне талдау жасалатынын айтты.

Суицидке бейімділікті жергілікті билік ерте кезеңде анықтап, ол туралы қорғаныс ведомстволарына хабарлауға тиісті. Сонда елде суицид жағдайы болмайды және сарбаздардың әскерге дайындықсыз келуі туралы мәселе туындамайды, — деді ол.

Еске салайық, осы жылдың қазанында Теміртауда сарбаздың қаза табуы қоғамда қызу талқыланды. Қайғылы оқиға Ұлттық гвардияның №5516 әскери бөліммінде болған. 21 қазанда 20 жастағы сарбаз Сержан Оңғар ауыр жарақат алған күйде табылды.

Оны күзет орнынан тауып, бірден ауруханаға жеткізген. Бірақ сарбазды аман алып қалу мүмкін болмады. Алдын ала мәлімет бойынша, әскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсаған.