«Самұрық-Қазына» басшысы АЭС-ті Қазақстанның қай өңіріне салу керегін айтты

Үлкен кенті ең ыңғайлы жер, ұлттық электр желілер топографиясы тұрғысынан тиімді алаң болып саналады. Ол жерде 500 киловольттық тармақталған желілер бар, Оңтүстік-ГРЭСС 500 қосалқы станциясы да орналасқан. Ал базалық қуат көздерін орналастырудың арқасында Солтүстік-Оңтүстік бағытында электр энергиясының тұрақты транзитін жасауға болады. Орталық Қазақстанға – Қарағандыға да, Солтүстік-Оңтүстік транзитімен оңтүстік өңірлерге де энергияны қайта бөлуге ыңғайлы, — деді Алмасадам Сатқалиев.

Оның айтуынша, қазіргі кезде атом электр станциясына қажетті құрал-жабдықтарды шығаратын кәсіпорындардан бірнеше ұсыныс түсіп тұр.

Ресей, Қытай мен Франциядан, сонымен қатар америкалық өндірушілерден екі ұсыныс түсті. Біз шешім қабылдағанда технологиялардың қауіпсіздігін, соның негізінде қанша атом реакторлары салынды, бағасы және тағы басқа мәселелерді ескеретін боламыз. Атом электр станциясына қажетті отынды Қазақстанда шығару жайын да қараймыз, — деді қор басшысы.

Сонымен бірге қазақстандық ресурстарды пайдалануға басымдық беріледі. Соның ішінде отын таблеткаларының өндірісі және атом электр станциясына қажетті басқа да құрал-жабдықтар бар.