Аталған шарт 2020 жылғы 16 қазанда Нұр-Сұлтанда жасалды. Бұл құжат ратификацияланғаннан кейін 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы қолданыстағы шарт өз күшін жояды.
Шартқа екі мемлекет арасындағы әскери ынтымақтастықты жандандырып, оны одан әрі дамыту мақсатында қол қойылғанын атап өткен жөн. Бұл ретте 1994 жылғы жасалған шарттың ережелері уақыт болмысына қарай ескірген, сонымен қатар олар іске асырылған. Құжатты ратификациялау қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде әскерлерді қолдануды бірлесіп жоспарлау және өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-қатерге бірлесіп қарсы әрекет ету, халықаралық ұйым, мәдениет, спорт аясында өзара әрекеттесу және басқа бағыттарда әскери ынтымақтастық жасауға мүмкіндік береді. Ресей Қазақстанның стратегиялық әріптесі, — деді қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов.
Оның айтуынша, шартты ратификациялау мемлекеттердің қорғаныс қабілетін нығайту, қазіргі заманғы сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау бойынша үйлесімді әрекет етуді ұйымдастыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге қосымша серпін береді.
