Әр баланың өз несібесі барына сенетін Гүлбану Жеткербаева қазақтың санын көбейтіп отырған алтын құрсақты ана. Алғашқы баласын келіншек 19 жасында дүниеге келген. Қаңтардың алғашқы күнінде егіз босанған ол, осылайша 34 жасында он баланың анасы атанды.
Егіздердің есімі – Әли мен Мәди. Келіншек жүктілігінің 7-8 аптасында-ақ құрсағында егіз бала дамып келе жатқанын білгендерін айтады. Сәбилердің есңмдерін де қос атасы қойған екен.
Төрт күн дәрігерлердің бақылауында болған ана мен қос шақалақ бірер күн бұрын перзентханадан шықты. Қызығы сол, базарлы отбасы егіздерді алып кету үшін автобуспен келді.
Тайшықовтар әулетінің үлкені 11-ші сыныпта оқиды. Мына балақайлардың анасы – халыққа қызмет көрсету орталығында инспектор болып қызмет етсе, он баланың әкесі – қарапайым көлік жүргізушісі.
Гүлбану кішкентайлары өсіп, бір жасқа толып, тәй-тәй басқаннан кейін отағасы екеуі жас баланың иісін аңсайтындарын жасырмайды.
“Сол сезім, құштарлық әрбір баламыз туған сайын өсе береді. Балаларға деген махаббатымыз өсе береді. Туған сайын тәтті бола береді”, – дейді әйел бақытын сезіне білген батыр ана.
Есесіне, ең бай әрі бақытты жанмын, дейді ол. Қуантарлығы, өңірде Гүлбану сияқты демографияға елеулі үлес қосқан алтын құрсақты аналардың қатары соңғы жылдары арта түскен. 2016- жылдың алғашқы аптасында-ақ облыс бойынша 220 сәби дүниеге келді.
Жалпы өңірде 40 мыңнан астам көп балалы ана болса, соның 25 мыңы Батыр ана атағын алған.