Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушы болып ведомствоның вице-министрі Жандос Бүркітбаев тағайындалды, — делінген Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұған дейін мемлекет басшысының жарлығы бойынша Алексей Цой Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі лауазымынан босатылғаны хабарланған болатын.
Жандос Бүркітбаев 1971 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Медицина ғылымдарының кандидаты. Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина университетін «Емдеу ісі» бағыты бойынша бітірген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясын «Фармация» мамандығы бойынша және «Тұран-Астана» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1996 жылы Алматыдағы қалалық жедел медициналық көмек клиникалық ауруханасының дәрігері болып бастаған. Әр жылдары денсаулық сақтау министрлігінің түрлі құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істеді. Елордада қан орталығын, трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығын басқарды.
2019-2021 жылдары ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың басқарма басшысы болды. 2021 жылдың 22 қаңтарында бастап денсаулық сақтау вице-министрі лауазымына тағайындалды.