Алексей Цой денсаулық сақтау министрі лауазымынан босатылды

Мемлекет басшысының жарлығымен Алексей Владимирович Цой Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі лауазымынан босатылды, — делінген хабарламада.

Baribar.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысымен байланысқа шықты. Оның айтуына қарағанда, Алексей Цой өз еркімен, басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен кеткен. Ал қандай қызметке баратыны туралы әлі белгісіз.

Еске салайық, Алексей Цой денсаулық сақтау министрі болып 2020 жылы маусымда тағындалған еді.

Алексей Цой 1977 жылы 2 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Sells College (Лондон), Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, РФ президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоратив басқару жоғары мектебін тәмамдаған.

Стэнфорд университетінде, Сингапурда, Мәскеуде, Германияда, Ұлыбританияда және тағы да басқа елдерде тағылымдамадан өткен. Ол — іскерлік әкімшілік докторы, медицина ғылымдарының кандидаты.

Алексей Цой хирург-эндоскопист болып жұмыс істеген. Қалпына келтіру хирургиясы және трансплантология орталығының аға ғылыми қызметкері, Ұлттық ғылыми медицина орталығының жетекші ғылыми қызметкері, «Еуроазиаттық респираторлық қоғам» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы, ҚР президенті іс басқармасының заманауи медицина технологияларын енгізу орталығының директоры, ҚР президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының басшысы, Нұр-Сұлтандағы №1 қалалық ауруханасының бас дәрігері, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі қызметтерін атқарған.

2019 жылғы ақпаннан бастап 2021 жылғы маусымға дейін Қазақстан Республикасы президенті іс басқармасының медицина орталығын басқарды.