Басты бетҚоғамАстанада тұрғын...

Астанада тұрғын үйдің күмбезі құлауы салдарынан жарақаттанған адам қаза тапты

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әйел 22 қазанда №2 қалалық көпсалалы ауруханаға түскен. Онда науқасты шұғыл түрде арнайы мамандар қарап, одан кейін жансақтау бөліміне ауыстырылған.

Әйелдің ашық бассүйек-ми жарақатын алғаны, миы ауыр дәрежеде жараланғаны анықталды. Сондай-ақ денесінде түрлі жарақаттар болған.

Миға кезең-кезеңімен операциялар жасалды, өкінішке қарай, оң нәтиже бермеді. Осы жылдың 14 желтоқсанында науқас есін жимастан қайтыс болды. Реанимациялық шаралар жасалғанына қарамастан науқасты аман алып қалу мүмкін болмады, — деп хабарлады ведомстводағылар.

Еске салайық, қайғылы оқиға 22 қазанда болды. Қатты жел салдарынан Сығанақ көшесіндегі «Номад» тұрғын үй кешенінің шатырынан металл конструкция құлады. Салдарынан бір әйел зардап шекті – ол ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен еді.

Полиция Қылмыстық кодекстің 306-бабы бойынша тергеуді бастады.