Қасым-Жомарт Тоқаев: Азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімі арта түсті

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалағанын, сонымен қатар оның ұлт мүддесін алға қойған саясаткер екенін айтты.

Бүгінгі мерейлі мемлекетіміз – Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі, көзсіз ерлігінің жеңісі! Ол Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға ретінде әлем тарихынан мәңгі орын алады. Тұңғыш президентіміз жаһан жұртының алдында ұлт мүддесін қорғай білген көреген саясаткер, — деді президент.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік алғаннан бері келешекке қадам басып келе жатқанымызды айтты.

Мыңжылдықтар тоғысатын тұста Азаттық туы көгімізде желбіреді. Ұлттың ең ұлы мұраты — Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол сәттен бастап Қазақ елінің ұлы көші болашаққа бет түзеді. Халқымыз өз мемлекетін құруға кірісті. Бұл — тарихи әділдіктің орнауы, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, желтоқсан құрбандары Тәуелсіздікті бір табан жақындатты.

Кешегі желтоқсан қаһармандары Тәуелсіздікті бір табан жақындатқаны анық. Асқар тау алыстаған сайын асқақ көрінеді. Біздің бабаларымыз қазақтың дербес мемлекет құрып, еркін өмір сүруге құқылы екенін тарих алдында дәлелдеді — деді президент.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік алған 30 жылды үшке бөліп қарағанда, алғашқы он жылдық ел негізі қаланған кез екенін айтты.

Тәуелсіздіктің 30 жылы біз үшін тұтас дәуірге бергісіз мерзім. Оны үш белеске бөліп қарастыруға болады. Әр онжылдық ғасырдың жүгін арқалап тұр. Алғашқы онжылдық – жаңа Қазақстанның негізін қалау кезеңі. Осы жылдарда мемлекеттік нышандарымыз белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты,- мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімі арта түскенін мәлімдеді.

Армиямыз қазіргі заманғы қару-жарақпен қамтамасыз етіліп, еліміздің қорғаныс қабілеті нығая түсті. Сот және құқық қорғау жүйесінде маңызды реформалар жасалып, азаматтардың құқықтары тиімді қорғалуда. Олардың құқық қорғау органдарына сенімі арта түсті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс белсенді жүргізілуде. Тиісті заңнамаларды жетілдіру үшін нақты шаралар қолға алынды, — деп атап өтті президент.

Президент Тәуелсіздік алғаннан бері жеткен басты жетістіктерді атады.

Төл теңгеміз айналымға қосылды. Айбынды армиямыз құрылды. Ата Заңымыз қабылданды. Ана тілімізге мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Ата дініміз оралып, салт-дәстүріміз жаңғыртылды. Бірлігіміздің бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.