Мемлекет басшысы: Егемендік — елдің бәріне бұйыра бермейтін бақ

Егемендік — елдің бәріне бұйыра бермейтін бақ. Әлемде сан миллион халқы болғанымен, ұлтарақтай жері жоқ қаншама ұлт бар. Ал қазақтың пешенесіне өз мемлекетін құру бақыты жазылды. Бұл — ұлы бақыт, ұлттың бақыты! Бұдан асқан қуаныш, бұдан биік мәртебе бар ма?! — деді президент.

Мемлекет басшысы алаш арыстары дербес мемлекет құру үшін жанын пида еткенін айтты.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ел азаматтары майдан даласында ерлікпен шайқасты. Кеңес заманында зиялыларымыз тіліміз бен ділімізді сақтап қалу үшін аянбай еңбек етті. Төл тарихымыздағы ең күрделі сәттерде халқымыз жұдырықтай жұмыла білді. Бұланты, Орбұлақ және Аңырақай шайқастары – осының айқын дәлелі. Қазақтың елдік жолындағы ерлігі отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарда айқын көрінді, — деді ол.

Оның айтуынша, Алтын Орда орта ғасырдағы алып мемлекет ретінде белгілі. Қазақ халқы осы ұлық ұлыстың тікелей мұрагері болып саналады. Одан кейін тарих төріне Қазақ хандығы шықты. Қазіргі таңда Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын білмейтін қазақ кемде-кем.

Қасым-Жомарт Тоқаев халық егемендіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінетінін айтты. Өйткені, біз азаттықтың құны қандай екенін жақсы білеміз. Бостандық жолында талай батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді.

Құрметті отандастар! Баршаңызды қастерлі Тәуелсіздігіміздің мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын! Біз осыдан отыз жыл бұрын бабалар арманын ақиқатқа айналдырдық. Жаңа Қазақ мемлекеті құрылғанын дүние жүзіне паш етіп, Тәуелсіздігімізді жарияладық, — деді мемлекет басшысы.