Нұр-Сұлтандағы «Экомед» орталығының уролог-андролог Арман Есенұлы осы тақырыпқа байланысты бала сүю үшін отбасыларға қандай алғышарттарды орындау керектігі жайлы толығырақ айтып берді.
Сарапшылардың дерегіне сәйкес, елдегі жасөспірімдердің тек 9%-і адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышы (АҚТҚ/ВИЧ) қалай берілетіні жайлы біледі, ал 60%-і жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын-алу туралы хабарсыз. Сондай-ақ ересектердің 62,6%-і өз бетімен емделетіні анықталды. Бедеулік пен белсіздікке ұшырағандар санының артуының бір себебі — осы жыныс сауатының төмендігі.
Арман Есенұлының айтуынша, бедеулік – екі адамның ортақ мәселесі болғандықтан, оны бірлесіп шешу қажет.
Еліміздегі ер-азаматтардың урологқа уақтылы көрінбеуіне біздің қазақи әдеп-ұстанымның әсері бар. Себебі, жігіттер мамандардың алдына өз еркімен келмейді. Мәселен, отбасы құрып, бала сүйе алмаған ер адамның әйелі гинекологқа қаралғаннан кейін күйеуінің де қоса емделуін қажет етеді. Тек сол кезде олар андрологтың алдына баруға мәжбүр. Ал уақтылы ем-дом шараларын жасамағаннан кейін түрлі ауру шығып, ол уақыт өткен сайын асқына береді, − деді дәрігер.
Дәрігер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметін негізге алып, бедеуліктің бірнеше себебін жіктеп берді.
Ең жиі кездесетін себептердің бірі − әйел және ер адамдардың жыныс ағзаларының қабыну ауруларын өз бетімен емдеп, медициналық көмекке кеш жүгінуі. Алғашқы балаға түсік жасату, темекі шегу, ішімдік ішу, спортпен шұғылданбау, жалпы денсаулыққа немқұрайлы қарау және өзге де түрлі жағдайлардың салдарынан көп адам балалы болу мүмкіндігінен айырылып қалады. Сонымен қатар ата-ана ұл баланы дүниеге келісімен жыл сайын дәрігерге көрсетіп тұрғаны дұрыс. Одан ешқандай зиян жоқ. Сосын кәмелеттік жасқа жетіп, мектеп бітірер кезде жастар әскер қатарына өту үшін арнайы медициналық сараптамадан өтеді. Дәл осы кезде жігіттер толық қаралып, өзіне керекті ем-домды алғаны жөн. Сол комиссиялық тексеру кезінде көптеген жеткіншектің ауруларға шалдыққаны байқалды, − деді «Экомед» орталығының маманы.
Арман Есенұлы көптеген отбасы, әсіресе жастар бала тумауының себебін ең алдымен әйелден көретінін айтады. Алайда, шын мәнінде, әйелдермен қатар еркектердің бедеулігі де бұл мәселеде өзекті болып тұр.
Тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде ерлердің бедеулігі мәселесі жиі көтеріліп жүр. Соңғы 20 жылдың ішінде дүниежүзінде ер-азаматтар бедеулігінің жиілігі 30%-тен 55%-ке дейін өсіп отыр. Бізде де шамамен осындай жағдай. Сондықтан отбасында әйел адам жүкті бола алмай жүрсе, тексеруді ер азаматтан бастаймыз. Оның бедеулігі анықталған жағдайда, біздің орталықта қазіргі заманғы және тиімді емдеу әдістерінің барлық түрін ұсына аламыз. Тіпті, ең ауыр патологиялық жағдайлардың өзінде де қолұшын созып, бар көмегімізді аямаймыз, − дейді Арман Есенұлы.
Айта кетерлігі, елімізде 18 жасқа толған және 35 жастан аспаған, өз баласын дүниеге әкелген ер азамат донор бола алады. Қойылатын талап – психиатр, наркологта есепте тұрмауы керек. Донордың нәтижесі барлық талапқа сай келіп жатса, қалған қажетті зерттеулер орталықта тегін жасалады. Тексерілу кезінде донор болуға үміткерден ешқандай инфекциялар табылмаса, тест сынамасы мұздатылады. Сосын карантинге қойып, алты айдан кейін қосымша тағы тексеріледі. Осы кезеңде бәрі дұрыс болып шықса, онда ол қорға алынады. Егер азамат тұрақты донор боламын деп шешсе, әр үш айда инфекцияға анализд өткізіп тұруға тиіс. Донор болуы үшін – ең бастысы денсаулығы мықты болуы шарт.
Андрологтың айтуынша, Қазақстанда ер азамат тек 10 адамға дейін донор бола алады. Донор болған адамның жеке мағлұматы аноним сақталады. Тек жасы, руы, денсаулығы жөнінде ақпарат берілетінін жеткізді.
Қазір елімізде жасанды ұрықтандыру әдісі қолға алына бастауы − медицинамыздың алға жылжып, дамуының жемісі деп қарауымыз керек. Жасанды, яғни экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы еркектер мен әйел бедеулігі, донор сақтау ісінде біршама нәтижеге қол жеткіздік, − дейді андролог дәрігер.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтында мынадай көрсеткіштер тіркелген:
- Ерлі-зайыптылардың 12-15%-і бір жыл ішінде бала сүйе алмайды және медициналық көмекке мұқтаж;
- Ерлі-зайыптылардың 5%-і емделуге қарамастан, бала сүйе алмайды.
- Ерлі-зайыптылардың 20%-і бедеу (әлемдегі бедеуліктің ең жоғары көрсеткіші).
- Ерлердің 30%-ті ғана бедеу, ал 50%-інде оның себебін анықтау мүмкін емес, қалғанында бедеулік идиопатиясы тіркелген.
- 8-ден 1-ге дейінгі көрсеткіш бойынша ерлі зайыптылар бірінші баланы жоспарлау кезінде қиындықтарға ұшырайды.
- 6-дан 1-де дейінгі көрсеткіш бойынша екінші және үшінші сәбиін жоспарлау кезінде мәселелер туындайды.
Ел арасында COVID-19-ға қарсы вакциналау тақырыбы жиі пікірталасқа ұласып жатыр. Соның бірі – «Вакцина салдырғаннан кейін бала сүю мүмкіндігі арта ма?» деген сұрақ. Әлеуметтік желіде бұған дейін коронавируспен ауырып, кейіннен сауығып кеткен ерлерде бедеулік туындауы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Мұндай тұжырымды Тунцзи медициналық колледжінің қытайлық репродуктивті медицина орталығының мамандары жасаған еді. Алайда, ресейлік ғалымдар коронавирус инфекциясы мен бедеулік арасындағы байланыс анықталмағанын айтады. Сөйтіп, ғалымдар коронавирус бедеулікке әкеледі деген тұжырымды жоққа шығарды.
Арман Есенұлының пікірінше, бала сүюді жоспарлағандар ең әуелі екпе салдырғаны дұрыс.
Пандемия басталғалы бері әлемнің түкпір-түкпіріндегі ғалымдар осы бойынша зерттеу жүргізді. Зерттеудің нәтижесінде вакцинаның бала көтеруге зияны жоқ екені анықталды. Тек вакцина салдырғаннан кейін ерлі-зайыптылар белгіленген уақытты қадағалауы қажет. Себебі ағзаға вакцинаны енгізгеннен кейін спецификалық иммунитет қалыптасып, яғни иммундық жадының онымен байланысқан кезінде микроорганизмдер анықталған антиденелерге қосылады, – деді дәрігер.