«Көшбасшылық. Тұрақтылық. Өрлеу». Нұр-Сұлтанда халықаралық конференция өтті

Конференция аясында өткен «Тәуелсіздіктің бағдары мен белестері» пленарлық отырысында Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин құттықтау сөз сөйлеп, Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығы тәуелсіздік таңында әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз еткенін, содан кейін Қазақстанның бүгінгі күнге дейінгі өрлеуі мен серпінді дамуының негізі болғанын атап өтті.

Тұтастай алғанда, тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік институттар, ішкі және сыртқы саясатты тиімді жүзеге асыру-осының бәрі бүгінгі Қазақстанның табысты дамуы үшін берік іргетасқа айналды, — деді Парламент Мәжілісінің спикері.

Өз кезегінде, Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы мемлекеттік думасы төрағасының бірінші орынбасары Александр Жуков Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей Федерациясымен көпжақты достық байланыстар мен стратегиялық серіктестікті нығайтудағы рөлі мен маңыздылығына егжей-тегжейлі тоқталды.

Оның пікірінше, «Еуразиялық экономикалық одақтың құрметті төрағасы ретінде Елбасы еуразиялық интеграция тетіктерін жетілдіру, оны басқа интеграциялық бастамалармен ұштастыру жолында қажырлы еңбегін жалғастыруда.

Біз қазақстандық достардың жетістіктерін құптайтынымызды атап өткім келеді. Одақтастық қатынастарды нығайту мен дамыту, стратегиялық әріптестік пен Қазақстанмен интеграциялық байланыстарды тереңдету бағытын берік ұстануды жалғастырамыз, — деп атап өтті спикер.

Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев өз сөзінде үздіксіз дамудың үш онжылдығының басты қорытындысы ұлт құрудағы жетістік болып табылатынын ерекше атап өтті.

Біз аяғымызда нық тұрмыз. Біз өзімізді екінші рөлде көруді доғардық, көптеген қорқыныш пен алаңдаушылық сезімін жойдық. Біз өзімізді өз жеріміздің, тағдырымыздың, бүгініміз бен болашағымыздың толық иелері ретінде сезінеміз. Табыстар бізге сенімділік берді, сенімділік салауатты амбициялар, амбициялар – батыл ұмтылыстарға жетеледі, — деді Дәурен Абаев.

Пленарлық отырысқа бейнебайланыс арқылы Біріккен ұлттар ұйымының бұрынғы бас хатшысы, жаһандық жасыл өсім институтының президенті Пан Ги Мун, Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл, Германияның бұрынғы федералдық канцлері Герхард Шредер, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер, М.В. Ломоносов атындағы ММУ ректоры Виктор Садовничий қатысты. Әлемдік саясаткерлер өздерінің құттықтау сөздерінде Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін мойындап, Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды рөлін атап өтіп, бүкіл Қазақстан халқына өсіп-өркендеу, тұрақтылық пен қауіпсіздік тіледі.

Конференция аясында отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар баяндама жасаған «Тарих сабақтары», «Қоғам және құндылықтар», «Одан әрі даму басымдықтары» атты үш панельдік сессия өтті.