Сенат төрағасы жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды

Маңғыстаулықтарды мерекемен құттықтаған Мәулен Әшімбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Тәуелсіздіктің 30 жылында қол жеткізген маңызды жетістіктерге тоқталып өтті. Сонымен қатар ол осы жылдар ішінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде толық қалыптасып, халықаралық қауымдастықтың белді және ықпалды мүшесіне айналғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен біз Семей ядролық сынақ полигонын жауып, Кеңес Одағынан мұра болып қалған ядролық арсеналдан азат болдық. Бұл біздің жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілік ұстанымдарына берік екенімізді көрсетіп, әлем елдерінің Қазақстанға деген сенімін күшейте түсті. Қазақстан халықаралық бастамаларды да іске асыруға белсенді қатысып, беделді ұйымдарға төрағалық етті, – деді Мәулен Әшімбаев.

Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі

Сонымен қатар ол мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде жүргізіліп келе жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларға тоқталып өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді жаңғырту бағдары аясында өңірлерді дамыту және аймақтардағы мәселелерді шешу негізгі басымдықтардың бірі екенін жеткізді.

Маңғыстау өңірі үшін өзекті мәселелердің бірі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету екені белгілі. Президентіміз 2025 жылға дейін қалалар мен ауылдарда ауыз су мәселесін шешуді тапсырды. Соған байланысты бекітілген арнайы ұлттық жоба аясында бұл бағытта Маңғыстау облысында да айтарлықтай жұмыс атқарылады, – деді Сенат төрағасы.

Салтанатты іс-шара барысында Сенат спикері мемлекет басшысының атынан еліміздің және өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан маңғыстаулықтарға мемлекеттік наградаларды тапсырды.

 

Өңірлерді дамыту мәселесі, оның ішінде Маңғыстауды өркендету президентіміздің тікелей бақылауында. Биыл қыркүйекте мемлекет басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде арнайы кеңес өткізді. Осындай нақты шаралардың арқасында Маңғыстау өңірі алдағы уақытта дамудың жаңа деңгейіне көтеріледі деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен бірге Сенат төрағасы жұмыс сапары аясында Ақтау қаласындағы онкологиялық диспансерге арнайы барып, дәрігерлермен және медицина қызметкерлерімен кездесті.