Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты шарада сөйлеген сөзінде Асқар Мамин Ақмола облысы еліміздің маңызды аграрлық-индустриялық өңірлерінің бірі екенін атап өтті.
Жалпы еліміз бойынша облыс астық жинайтын комбайндардың 70% жуығын, тракторлардың 43%, мамандандырылған автомобильдердің 47% астамын, мойынтіректердің 100%, құрамында алтыны бар өндірілетін кендердің 45% астамын, жартылай өңделген алтынның 27% жуығын шығарады,- деді Асқар Мамин.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, премьер-министр Тәуелсіздік күніне орай Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне, кәсіпорындардың жұмысшыларына, денсаулық сақтау, спорт, БАҚ саласының өкілдеріне және кәсіпкерлерге мемлекеттік наградаларды табыстады.
Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы «ENKI» ЖШС керамикалық кірпіш шығару жобасының II кезеңінің ашылу рәсіміне қатысты.
Кәсіпорынның қуаты — жылына 30 миллион дана кірпіш. 2010 жылы пайдалануға берілген кірпіш зауыты жобасының I кезеңін ескере отырып, кірпіш өндірісінің жалпы қуаты жылына 90 миллион дананы, ал жұмыс орындарының саны 400 құрайды.
Сонымен қатар премьер-министр Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі «Тәуелсіздіктің 30 жылы» жаңа залымен танысты, «Bolashaq sarai» сарайына және «Көкшетау» мәдениет сарайына барды.