Алматы облысында тұрғындарға қарулы шабуыл жасағандар ұсталды

Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

6, 7 және 9 қарашада Қарасай аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне үш адам арызданды. Олар түнгі уақытта өздеріне қарулы шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Барлық жерде үш жігіт медициналық маска, кепка және капюшонмен бой көрсеткен. Олардың қолында тапанша мен пышақ болған. Күдіктілер жәбірленушілерге қоқан-лоқы көрсетіп, 330 мыңнан 840 мың теңгеге дейінгі қымбат телефонын тартып алған. Олар жалға алынған Honda көлігімен жүрген,- делінген хабарламада.

Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне қылмыстық кодекстің 192-бабы 2-бөлігі (адамдар тобы жасаған қарулы қарақшылық) бойынша тіркелді.

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде қылмыскерлер Алматыда ұсталды. Олардың бұрын тонау, қарақшылық, адам денсаулығына ауыр зиян келтіру және ұрлық үшін сотталғаны анықталды.

Тергеу судьясы үш айыпталушыға олардың қылмыстық өткенін ескеріп, сотқа дейінгі тергеу кезеңінде қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.