— Аида, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында грант ұтып алып, берілген қаражатты мал шаруашылығымен айналысуға жұмсадыңыз. Қазір кәсібіңіз қалай жүріп жатыр?
— Бірде қайыңсіңілім кәсіп бастаймын деушілерге арналған мемлекеттік грант бар екенін, қатысып көруімді айтты. Естіген бойда «Атамекен» орталығына барып, құжаттарымды өткізіп, бір ай курсына қатыстым. Сол уақыт ішінде көп бизнес-тренерінен кәсіп жүргізу негізін үйрендім. Кейін өзімнің бизнес жоспарымды ұсынып, грантқа ие болдым. Оның аясында мемлекет маған шамамен 585 мың теңге берді. Сол кездері сиыр құны 240 мын теңге шамасында еді, бірден сатып алдым. Қазір кәсібім қарқынды жүріп жатыр.
Сүт өнімдерін сатамын. Оған қоса, екі сиыр төлдеп, жылдан-жылға көбейіп жатыр. Былтыр екі сиырым екі ұрғашы бұзау, биыл екі еркек бұзау төлдеді.
— Не себепті кәсібіңізді мал шаруашылығымен байланыстырдыңыз?
— Отбасымызбен бұрыннан мал шаруашылығымен айналысамыз. Мал бағуды, сиыр саууды, оны баптауды білеміз. Қолымыздан келетін және бұған дейін ебін тауып жүрген шаруа, сол себепті жалғастыруды жөн көрдік. Оның үстіне, өзіміз ауылда тұрамыз. Біздің тұратын жеріміз мал шаруашылығына ыңғайлы.
Сонымен бірге қазір табиғи өнімдерге сұраныс көп. Адамдар таза, пайдалы сүт өнімдерін жақсы көреді. Сұраныс артқанына байланысты үйдегі мал санын көбейтуді дұрыс деп шештік.
— Табиғи өнімдерге сұраныс көп дедіңіз. Адамдар көбіне не сатып алады?
— Жаздыгүні тұрлі сүт өнімін өткіземіз: құрт, май жасаймыз, қаймақ тартамыз. Біздің өңірдің адамдары сорпаға сүзбе құрт қосып ішкенді ұнатады. Оны да қайнатып жасаймын. Қыста құртты тоңазытқышта сақтап, сатуға болады. Дегенмен күн суығанда көбіне сүтке сұраныс артады.
Қазір әлгі сатып алған екі сиыр күніне 14 литр сүт береді. Жаздыгүні барлық сиырдан күніне 100 литр, қыстыгүні 30-40 литр сүт аламыз. Бір литр сүтіміз — 350 теңге.
— Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев халықты екі сиыр алып, жұмыс істеуге шақырып еді. Сол кезде азаматтар екі сиырдың шығыны көп екенін, өзін-өзі ақтамайтынын айтып жатты. Тәжірибеңізге сүйеніп, бұған қатысты не айтар едіңіз?
— Екі сиырды да, кейін оған күнделікті беретін шөбін, жемін сатып алса, өзін-өзі ақтамауы мүмкін. Олай кәсіп жүргізу қиындау. Шөпті жазда өзім шабамын, сол себепті табысымнан шығыным көп деп айта алмаймын.
— Кәсібіңізге қатысты қандай жоспарларыңыз бар?
— Болашақта мал шаруашылығына байланысты арман-мақсатым көп. Шетелден асыл тұқымды, ірі қара бұқа сатып алғым келеді. Оларды будандастырып, мал санын көбейтсем деймін. Сонымен бірге бұқалар алып, оларды семіртіп, алып-сатумен айналысып та көргім келеді. Ол үшін елдегі осындай мүмкіндіктерді пайдалануға болатынына көзім жетті. Мемлекет 3 миллион теңгеге дейін грант беретінін естідім. Соған қатысып, кәсібімді кеңейтуге мүмкіндік алсам деймін.