Дарханның негізгі мамандығы — энергетик. Бірақ оны кабель желілері емес, сүт өнімдері қызықтырған екен. Қазір кәсіпкер ауылдан қалаға сүт тасиды.

Бұл салаға келмес бұрын Дархан түрлі бизнеспен айналысып көрген. Мәселен, попкорн сатып, егіншілікпен айналысыпты.

Студент кезімде сауда орталығында жұмыс істедім. Жақын жерде балалар алаңы бар еді. Ондағы кішкентайлардың попкорн ұнататын байқадым. Сөйтіп «Неге сатып көрмеске?» деп, барлық кіріс-шығысын есептедім. Кейін жүгері, оны пісіретін құрылғы сатып алдым. Біраз уақытқа дейін сол іспен айналыстым. Бірақ келе-келе дамығым келетінін түсіндім. Сол кезде компаниялардың акциясын сатып алдым. Тіпті, бір кездері дивиденд те алып, акциядан пайда көрдім. 2017 жылдың жазында оны сатып, түскен қаражатқа Сарыағаш жақтан жер жалға алып, егін ектім. Түрлі көкшөп, көкөніс өсіріп, сатып көрдім, — дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер Дархан Макенов
Фото жеке архивінен

Дарханның ағасы інісінің кәсіпке қызығушылығы мен бейімі бар екенін сол кезде байқаған. Және өз фирмасындағы сиырының санын көбейткенін, енді Дарханмен бірге шағын бизнес бастағысы келетінін айтып, ұсыныс білдірген екен.

Міне, 3 жыл болды, сол фирмадағы сиырлардың сүтінен табыс тауып отырмыз. Сауыншылар сиыр сауып, сүтті дайындап қояды. Біз оны қалаға апарып сатамыз, — Дейді ол.

Фирмада 40 шақты сиыр бар. Оның бесеуі — голландиялық сиыр. Көктем-жаз мауысымында шамамен 150 литр сүт алады. Өнімді қаладағы балмұздақ жасайтын орындарға, ірімшік, брынза дайындайтын зауыттарға, базарлар мен дүкендерге өткізеді.

Ағам «сүт сатайық» дегенде, жан-жақтан оның қаншалық сұранысқа ие екенін зерттей бастадым. Сауда орталығының алдында балмұздақ сататын кісіден «Сізге сүт керек пе? Алар ма едіңіз?» деп сұрадым. Ең әуелі дәмін көретінін айтты. Сөйтіп ең алғаш рет сол балмұздақ сатушыға 20 литр сатқаным есімде. 1 литр сүт 100 теңге десек, бұл кәсіптен түскен бірінші табысым 2000 теңге болыпты.

Дархан Макенов
Фото жеке архивінен

Дархан ағасының фирмасынан ғана емес, Сайрам ауданына қарасты Күрішбұлақ, Сарыарық, Қоған ауылы тұрғындарының да сүтін жинап, сатады екен. Жалпы айтқанда, ол ауылдан қалаға күніне 1 тонна сүт тасымалдайды.

Ауылдағыларға да жақсы болды. Сүтін қайда жіберетінін білмегенде, маған береді. Құдайға шүкір, күніне 20 литр сатудан бастаған ісіміз 3 жылда 1 тоннаға жетті. Сонымен қоса бізден сүт сатып алып жүрген зауыттардың ірімшіктерін, ауыл тұрғындарының құрт-қаймағын алып сүт өнім сататын желілерге, қымызханаларға, базарларға өткізіп жүрміз, — дейді ол.

Кез келген кәсіпте қиын әрі күтпеген оқиғалар болуы мүмкін. Мұндай сәтсіздіктер Дарханның да басынан өткен. Бірақ оның айтуынша, ондай кезде еңсені түсірмей, проблеманы шешуге тырысқан жөн.

Алғашқы жылы сүтті қалыпты температурада ұстап тұратын салқындатқышымыз болмады. Оны шетелден алдыру керек. Бағасы — 4-5 миллион теңге. Кәсіпті енді қолға алғандарда ондай ақша жоқ екені түсінікті шығар. Сөйтіп, сүтіміз ауылдан қалаға апарғанша ашып кететін кездер болған. 150 литр сүт босқа кететін. Оны тоңазытқышқа салсаң мұз болып қатады, сыртта ұстасаң ашып кетеді. Біраз қиналған едік. Кейін елде бір кісіге 1 миллион теңге төлеп, қолдан салқындатқыш жасаттық. Қазір салқындатқышымыз да, газель көлігімізде, сүт құятын үлкен бөшкеміз де, сүттің қаншалық майлы екенін өлшейтін құрылғымыз да бар.

Дархан Макенов
Фото жеке архивінен

Оның сөзінше, жеке кәсіп бастамас бұрын сол бағыт бойынша ізденіп, мағлұмат алып, өзіне тән ерекшеліктерімен таныс болу керек.

Мысалы, көп әрі майлы сүт беруі үшін сиырды жазда жайып өсірген жақсы. Ал қыста құнарлы шөп берген абзал. Кешке сауылған сүтті қалыпты бір температурада ұстау үшін салқындатқышқа құйып қойған дұрыс. Таңғы алтыда фирмадағы сиырды сауып, оның сүтін алып, жетіге қарай ауылдағы сүтті жинап, сегізге дейін қалаға жеткізу керек. Сүт өнімдері шапшаң қимылдауды қажет етеді. Осы секілді кез келген кәсіпте өзінің ережелері бар. Соны тиянақты істей білу керек.

Дархан жастар қаржылық сауатын да арттырғаны жөн деп санайды. Ол үшін түрлі курс пен бағдарламаға қатысуға болады. Қазір жеке кәсібін бастаймын деген адамға мүмкіндік көп дейді.

Өзім де мықты кәсіпкерлердің сабақтарына қатысамын. Мысалы, жұмысымның алға басуына Қуаныш Шонбайдың дәрісі үлкен септігін тигізді.  Келешекке жоспар көп. Қазір қосымша  алма жинап, оны да тасымалдаймыз. Болашақта ісімізді одан әрі дамытқымыз келеді, — дейді бизнесмен.

Дархан Макенов
Фото жеке архивінен