Шымкент «ең қауіпсіз қала» деп танылды

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2016 жылы Шымкентте 20 892 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Салыстырмалы түрде алсақ, осы кезеңде Астана қаласында — 39 727, Алматыда 66 913 қылмыстық іс жасалған. Аталмыш ірі қалалардағы халық санын ескерсек, шым шаһардағы қылмыс саны төмен деп саналады.

Құзырлы органдардың мәліметінше, бүгінде Шымкентте орын алатын құқықбұзушылықтың 60 пайызы ұрлық қылмысы болып табылады. Облыс орталығында ұялы телефондардың ұрлығы осы қылмыс түрінің  жартысына жуығын құрайды. Соңғы кезде миллионға тарта тұрғыны бар қалада қылмыс деңгейі зерделеніп, бұзақылық жиі жасалатын орындарға қойылған бейне бақылау камераларының қатары көбейді.

Нәтижесінде, қаладағы қылмыс деңгейі төмендеп, түрлі қылмыстық іс-әрекеттердің бетін ашу жоғарылады.  Мәселен, 2015 жылмен салыстырғанда қала аумағында қылмыстық құқықбұзушылық саны 7,4 пайызға, өте ауыр қылмыстар  21,4 пайызға азайды.

Сондай-ақ, өткен жылмен салыстырғанда аса ауыр қылмыстар  — 6,1 пайызға, ал ауыр қылмыстар саны 26,9 пайызға төмендеген.

ДереккөзInform.kz