Басты бетҚоғам"Тұрғын үй...

«Тұрғын үй сатып алуға көмектесеміз». Елімізде тағы бір қаржы пирамидасы анықталды

Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, ұйым азаматтарға табысына қарамастан тұрғын үй сатып алуға жалған көмек көрсету мақсатында қаржылық қызметті жүзеге асырған. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджері арқылы «Шаңырақ+» бағдарламасы аясында ипотекалық қарызға балама ұсына отырып, жеке тұлғаларды тартып отырған.

Қаржы пирамидаларының схемаларының бірі — тұтыну кооперативтері. Алаяқтар тұрғын үй немесе автокөлік сатып алу бағдарламасын ұсынады. Көбінесе клубқа кіру үшін мүшелік жарна төлеу қажет, ол қайтарылмайды. Бұл ретте мүлік жаңа салымшылардың жарналарына сатып алынады, — делінген агенттік хабарламасында.

Бағдарламаға қатысу үшін 103 доллар салып, жаңа салымшыларды шақыру қажет болғаны айтылды.

Тергеу әрекеттерін жүргізу барысында компания филиалдарынан баспа өнімдері, буклеттер, компания қызметі туралы ақпараты бар брошюралар, шарттар, тізімдер және салымшылар бойынша ақпарат анықталып, тәркіленді. Бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейді, — делінген хабарламада.

Қаржы мониторингі агенттігі сонымен бірге азаматтардан таныстары немесе жақындары осындай пирамидаға тартылған болса, дереу +7 (7172) 708-478 сенім телефоны арқылы немесе аумақтық қаржы мониторинг органдарына хабарласуларын сұрады.