Александр Градскийдің қазасынан кейін «Голос» шоуы жалғаса ма?

Александр Градский «Голос» шоуының оныншы маусымында тәлімгер болған еді. Жақын арада телеарна бағдарламаның соңғы шығарылымдары қандай форматта өтетінін жариялайды.

Бұл туралы телеарнаның «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі парақшасында айтылды.

Градский әлсіреп қалғанына қарамастан, «Голосты» соңына дейін тастамады. Оған жаңа шығарылымдарды дайындауға және түсіруге қатысу өте маңызды болды. Түсірілім тобы тәлімгерді жүктемені шектеуге және демалуға көндірген кезде де, Градский алаңда қалды. Оның жобаға қатысушылармен бірлесіп жасаған соңғы жұмыстары енді ғана эфирге шығады. Біз Александр Борисовичті еске алу үшін «Голостың» 10-маусымын соңына дейін жеткізуді өз парызымыз деп санаймыз. Соңғы шығарылымдарды өткізу форматы жақын арада жарияланады, — деп хабарлады телеарна.

26 қарашада, жұмада шыққан «Голос» шоуының соңғы шығарылымында 72 жастағы тәлімгер әлсірегені байқалды.

БАҚ хабарына қарағанда, аңызға айналған өнерпаз қатысқан тағы бірнеше хабар түсірілген. Сол түсірілімдерге Градский зембілмен жеткізілгені айтылады.

Қазір шоуда «Жекпе-жек» кезеңі жүріп жатыр. Әнді дуэт болып орындағаннан кейін қатысушылардың бірі жобадан кетеді. Нәтижесінде төрт финалист қалуы керек, олар мерейтойлық маусымда жеңіске таласады — финал Жаңа жылға бірнеше күн қалғанда көрсетіледі.

Еске салайық, Ресейдің Халық әртісі, әнші және композитор Александр Градский 28 қарашада 72 жасында қайтыс болды. Өлім себебі — ми инфаркті. БАҚ хабарына қарағанда, Александр Градский бірнеше күн бұрын инсульт күдігімен ауруханаға түскен.

27 қараша күні Александр Градскийдің тобындағы Қазақстан әншісі Әлішер Кәрімов «Голос» шоуының келесі кезеңіне өткен еді.