Алматыда жаңажылдық ұжымдық кештерге тыйым жоқ

Бұл туралы Алматының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді.

Сәдуақас Байғабылов қолданыстағы карантиндік талаптарда жаңажылдық ұжымдық кештерге тыйым салынбағанын, бірақ шектеулер болатынын, мекеме қызметкерлері Ashyq-те «жасыл» мәртебеге ие болуы керек екенін ескертті.

Ол сонымен бірге сол сәтте Алматының коронавирустың таралуы бойынша қай «аймақта» (жасыл, сары, қызыл) орналасқанына байланысты қатысушылар санына шектеулер қойылатынын айтты.

«жасыл» аймақта — 50%-ке дейін, 100 орыннан көп емес;
«сары» аймақта — 50%-ке дейін, 70 орыннан аспау керек;
«қызыл» аймақта — 50%-ке дейін, 50 орыннан аспау керек.

Мегаполис тұрғындарына рұқсат эпидемиология жағдайына байланысты беріледі. Алматыда коронавирус инфекциясы бойынша жағдай нашарласа, Ashyq нысандарының жұмыс уақытында карантин шаралары күшейтіліп, жаңа жылдық корпоративтік кештер мен басқа да іс-шараларға тыйым салынуы мүмкін.