Қазақстанда банк клиенттерінің транзакцияларына бақылау күшеюі мүмкін

Құжатта техника шараларынан бөлек заңнама өзгерістері, сонымен қатар жеке тұлғалардың транзакцияларына бақылауды күшейтуге тиіс реттеуші органдарға, банктерге және микроқаржы ұйымдарына арналған ұсыныстар қарастырылады. Бұл туралы «Курсив» тарқатып жазды.

Кейінгі жылдары елде «Алаяқтық» бабы бойынша тіркелген қылмыс саны «Ұрлық» бабы бойынша жасалған қылмыстардан кейін екінші орында тұр. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша өндірісте алаяқтыққа қатысты 40,5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп (39 мың қылмыстық іс). Он жыл бұрын мұндай қылмыс саны 16 мыңнан әрең асатын. Тіркелген қылмыстармен қоса алаяқтардың әрекетінен келген залал да көбейіп отыр. 2011 жылы зардап шеккендердің «жоғалтқан» қаражаты 11,4 миллиард теңгеге бағаланса, 2020 жылдың соңына қарай мемлекеттік органдарды, заңды және жеке тұлғаларды қоса алғанда 242,7 миллиард теңгені құраған. Оның үстіне бір жыл бұрын тек жеке тұлғалар 29,8 миллиард теңгеге шығындалса, биылғы 10 айдың қорытындысында 38 миллиард теңгеге дейін өскен. Сотқа дейінгі тергеу барысында жәбірленушілер бұл ақшаның 1,9 миллиард теңгесін ғана қайтара алған.

Қаңтар-қазан айларындағы алаяқтық құрбандарының жалпы саны 34 мыңға жуық адамға жетті. Алаяқтардан зардап шеккендердің негізгі саны — экономикалық белсенді жас топқа жататындар – 30-39 жас (10,6 мың адам), 21-29 жас (8,3 мың) және 40-49 жас (7 мың).

Сәуірде Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) микроқаржы ұйымдарының онлайн несие беру тәртібін қатаңдатты. Енді қарыз алушы микрокредитті алу үшін жеке басын үш тәсілдің бірімен растауы керек: электрондық цифрлық қолтаңба арқылы, қарыз алушының биометриялық параметрлерінің сәйкестігін тексеру немесе дәл сол уақытта жеке деректері мен бет-әлпетін екі факторлы тексеру арқылы. ҚНРДА бұл түзетулер қарыз алушының хабарысыз шағын несиелерді ресімдеуді он есе қысқартуға мүмкіндік беретінін айтады.

Өз кезегінде Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс операторларымен бірге жалған нөмірлерді қадағалау немесе бұғаттау мәселесін шешіп жатыр. ҚНРДА-ның Курсивке берген мәліметіне сүйенсек, ұялы байланыс операторлары деңгейінде телефон нөмірлерге қосымша тексеру жүргізіледі. Бұл қаржы ұйымдарының нөмірін ауыстыру, несиеге өтініш беру кезінде біреудің нөмірін рұқсатсыз қолдануды болдырмауға көмектеседі.

Реттеуші мен құқық қорғау органдары құпия деректердің сыртқа шығуына негізінен азаматтардың өзі кінәлі деген пікірде. Десе де Ішкі істер министрлігі қазақстандықтардың жеке мәліметтері бар деректер қорының жаппай тарау фактісі тіркелмегенін атап өтті.

Бұл ойды ҚНРДА да растап отыр. «Қолданушы WhatsApp арқылы жеке куәлігінің сканерін жіберді делік. Егер ол адамның WhatsApp желісін біреу бұзып алса, сәйкесінше қолданушының да деректеріне ие болады. Сондықтан, біз қаржы сауаты бойынша лекция өткенде әлеуметтік желі, мессенджерлер, пошта жәшігі арқылы деректерді жіберуге болмайтынын айтамыз», — дейді ҚНРДА-ның сыртқы байланыс бөлімінің бас маманы Дмитрий Акмаев.

Өткен жылы қаржы пирамидаларымен күресу үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Қаржы мониторингі агенттігі, Ұлттық банк, Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі және ҚНРДА кірді. Осы топтағы мемлекеттік органдар тұрақты түрде нарыққа мониторинг жүргізіп, азаматтардың өтінішін қарастыруда. ҚНРДА веб-сайтында шағымдар негізінде лицензиясыз және күдікті саналған ұйымдар тізімін жаңартып жариялап отырады.

Қазақстандағы Сбербанк пандемияда мобильді банкингті пайдаланушылармен қоса алаяқтық әрекеттің де көбейгенін айтты. Қазіргі уақытта банк фрод-мониторингі арқасында алаяқтық жағдайдың 80%-дан астамының алдын алуда.

Kaspi.kz те алаяқтармен күресуге көмектесетін әртүрлі қауіпсіздік жүйесін енгізіп жатыр.

«Көптеген операцияны жүзеге асыру үшін клиент жеке басын растау мақсатында фотосурет тексеруінен өтуі керек. Сонымен бірге біз кей операцияны телефон қоңырауымен растаймыз. Операцияны басқа біреу емес, клиенттің өзі жасайтынына көз жеткізу үшін осындай техникалық, кезең-кезеңнен тұратын тексеру процедурасын әзірледік. Сондай-ақ біз клиент картасын қолданбада өзі тікелей бұғаттауына және онлайн-сатып алу үшін қауіпсіз шектеу қоюына мүмкіндік жасадық», — деп атап өтті Kaspi.kz баспасөз қызметі.

Қазақстандағы EXANTE инвестициялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, реттегіштің деректерін алаяқ адамдармен бөлісуге дайын әр жанның әрекетін қадағалауға қауқары жетпейді.

«Адамдар осындай жағдайға ұрынғанда ғана түсінеді. Осылай ғана қаржы сауатымызды арттырып келеміз. Несие тарихыңызды үнемі тексеріп отыруға кеңес беремін. Сонда коллекторлар хабарласпас бұрын сіздің атыңыздан не алынып-алынбағанын біліп отырасыз. Ең бастысы — жеке деректеріңізді қорғау, қазір олар ең құнды дүние», — деп атап өтті сарапшы.

Саладағы екі дереккөз «Курсивке» «Жол картасын» әзірлеудің ықтимал нәтижесінің бірі жеке тұлғалардың транзакцияларына бақылауды күшейту болатынын айтты. Бұл ретте олар алаяқтық өршіп тұрған Ресей тәжірибесіне сүйеніпті.

Көршілес елде бұл шараның бір бөлігі қылмыстық жолмен алынған кірістерге және терроризмді қаржыландыруға қарсы күресу мақсатында қолға алынған. Қаңтардан бастап 600 мың рубльден асатын банк операциялары туралы ақпарат Росфинмониторингке беріледі. Пошта, тіпті мобильді құрылғылардың теңгерімінен ақша аударымдарын бақылау күшейтілген. Қыркүйектің соңында Ресей Федерациясының Орталық банкі банкоматтар мен терминалдар арқылы карталарды толтыруды қатаң бақылау ниетін мәлімдеді. Бұл — азаматтарды алдап, өз шотына қаражат аударып алатын алаяқтармен күресудің бір әдісі.

«Қазір осыған ұқсас шаралар нарықпен талқылануда, бірақ әзірге тараптар ортақ келісімге келген жоқ. Келесі жылдың бірінші жартысында азды-көпті түсінікті құжат дайын болуы мүмкін», — деді Курсивке сұхбат берушілердің бірі.