Шылымқор болудың депрессияға қатысы қандай?

Шылым шегу жүйкені тыныштандырады деген кең таралған аңыз дүние бар. Шынымен солай ма? Темекіні неге депрессияның емі деп атауға болмайды? Тарқатып берейік.

Депрессия жәй ғана торығу немесе жабырқау емес. Депрессия – кәдімгі ауру. Көңіл-күйдің төмен болуы, өмірге деген құштарлықтың жоғалуы және одан ләззат алмау, қандай бір іспен зейін қойып айналыса алмау, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы – депрессияның белгілері. Аурулардың әлемдік классификациясында айтылғандай, бұл симптомдар кемінде екі аптаға созылуы керек, сонда барып арнайы маман «депрессия» деген диагноз қоя алады.

Көптеген зерттеу жоғарыдағы белгілерді бойынан байқаған адамдар басқаларға қарағанда темекіні жиірек және көбірек тартады дейді. Мәселен, 2010 жылғы зерттеуге сәйкес, Англияда шегілетін барлық шылымның 42%-і психикалық ауруларға ұшыраған азаматтарға тиесілі.

Ондаған жыл ішінде ауытқуы бар адамдар арасындағы шылымқорлар үлесі өзгермеді десе де болады. Сондықтан пациенттер ауру симптомдарын жеңілдету үшін темекі шегеді деген пікір пайда болды.

Мета-анализ: никотин депрессия кезінде көмектесе ме?

2018 жылы бір топ ғалым (арасында дәрігерлер мен зерттеушілер де бар) шылым шегудің неврология және патология ауытқуларына қандай қатысы бар екендігі туралы мәліметтерге үлкен шолу әзірледі. Ғалымдарды никотиннің қандай да бір ауытқуға қалай ықпал ететіні қызықтырған болатын. Нәтижесінде олар аталған зат ағзаға түскен соң мидағы никотин ацетилхолин рецепторларына әсер беретінін, салдарынан рецепторлар сол мезетте адреналин, глюкоза және ләззат сезіміне жауапты дофамин секілді түрлі зат бөлетінін анықтады. Алайда никотиннің шағын дозасының өзі (бір рет жұту да жеткілікті) рецепторларды қанықтырып, сезімталдығын төмендетеді. Жоғарыдағы әңгімеге қайта оралсақ, осы айтылған процестің депрессия симптомдарын жеңілдетуі мүмкін екенін болжауға болады.

Дәл осы ғалымдар тышқандарға жүргізген тәжірибесінің нәтижесін жариялаған болатын. Тәжірибе кезінде жеті күні қатарынан никотин қабылдаудың тышқандарға антидепрессант секілді әсер ететіні белгілі болды.

Бұдан шығар қорытынды қарапайым: қысқа мерзімде никотин депрессия белгілерін жеңілдетуі мүмкін, алайда ғалымдар нақты бір шешімге келу үшін ауқымды зерттеулер қажет дейді.

Темекі неге толыққанды антидепрессант бола алмайды?

Никотин алаң көңілді сәл тыныштандырса да, ғалымдар депрессия ауытқуын жеңілдету үшін шылым шегудің қажеті жоқ дейді. Темекі қорабында қорқынышты суреттердің салынуы бекер емес, тіпті бір шылымның өзі денсаулыққа зиян. Темекі 600-900 градуста жанады, ал түтінмен бірге ағзаға 6000-нан астам химиялық элемент түседі. Бұл заттардың күшәлә, бензол, кадмий, бериллий, поллоний-201 секілді бір тобы шын мәнінде үлкен залал келтіре алады. Никотиннің өзі тәуелді қылуы мүмкін, алайда соңғы аталғандармен салыстырғанда еш зардабы жоқ па деп те қаласың.

Депрессияға шалдыққан адамдар ауру белгілерін басу үшін басқаларға қарағанда жиірек және көбірек шылым шегеді, сәйкесінше оларға бұл әдетті қойып кету әлдеқайда қиын. Сол себепті ғалымдар бірінші кезекте шылымды бір сәтте тастауды емес, одан келетін зардапды азайтуды ұсынады. Оның жолы қандай? Бірінші қадам жану процесінен бас тарту болуы мүмкін. Электронды темекі, вейп, темекіні қыздыру құрылғысы секілді заманауи девайстар ағзаға никотинді жеткізеді, алайда жанбайды. Нәтижесінде зиянды заттар көлемін 95%-ке төмендете алады.

Жылдар бойы қалыптасқан әдетті бірден қойып кету кез келген адамның қолынан келмейді. Зиянды азайту концепциясы дәл осындай жандарға арналған. Оның мақсаты – барлық қажетті ақпаратты ұсыну және шешімді саналы түрде өз бетінше қабылдауға мүмкіндік беру арқылы әркімге денсаулыққа келер зардапты азайтуға көмектесу.