Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan төрағалығынан не үшін кетеді?

Атқаратын лауазымдары мен құқықтарына қарамастан Нұрсұлтан Әбішұлы ұлтымыздың көшбасшысы – Елбасы, қазіргі заманның көрнекті саясаткері, әлем қауымдастығы мойындаған беделді тұлға болып қала беретінін ұғыну керек, — деді Айдос Үкібай.

Қазіргі Қазақстанның бастауында тұрған, өз еліне жанын салып, бар ғұмырын арнаған адам әрқашан халық мүддесін ойлап, ұлт пен елдің болашағына алаңдайтынын бәрі түсінеді деп ойлаймын. Елбасының бұл ұстанымы өзгермейді, — деді ол.

Айдос Үкібайдың айтуынша, бүгінгі шешім – билік транзитінің қисынды жалғасы ғана.

Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Nur Otan партиясы Қазақстан президентінің басты тірегі болуға тиіс. Әсіресе, пандемиядан болған жаһандық дағдарыс жағдайында, — деді баспасөз хатшысы.

Партия жарғысына сәйкес, төрағаны сайлау және қызметінен босату Nur Otan партиясы съезінің ерекше құзыретіне кіреді.

Оған дейін Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағасы болып қала береді, — деді Айдос Үкібай.

Бұған дейін Қазақстанда Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша партияны енді президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратыны белгілі болды.