«17 миллион теңге ұрлаған». Көкшетауда полиция полковниктері сотталды

Экс-полицейлер қызмет бабын асыра пайдаланып, бюджет қаржысын талан-таражға салған.

Тергеу материалдарына сәйкес, полицейдің біреуі қаржы басқармасына жетекшілік етсе, екіншісі оның орынбасары болған. 2019 жылы мамыр мен қыркүйек аралығында екеуі жалған құжат жасау арқылы бюджет қаржысын жымқырған. Алдымен жалған іс-сапарлар мен сыйақылар туралы бұйрық шығарды. Соның негізінде 17,4 миллион теңгені ұрлады.

Экс-полицейлерге қылмыстық кодекстің үш бабы – жалған құжат жасау, қызмет бабын асыра пайдалану және бюджет қаржысын талан-таражға салу бойынша айып тағылған.

Полицияның бұрынғы қызметкерлерін 8 жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарылды. Оған қоса,  мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару, ұлттық банк пен оған қарасты мекемелерде жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды, – делінген Көкшетау сотының үкімінде.

Ал Ақмола облыстық полиция департаментінің азаматтық арыз-шағымы жартылай қанағаттандырылды. Оған сәйкес, сотталғандардан 14,9 миллион теңге материалдық шығын ретінде өндірілді. Екеуі де полиция полковнигі шенінен айырылды.