— Грин-карта деген не?
— Грин-карта — АҚШ-тың шетел азаматтарының елде тұруына, жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін құжаты. Оны алған адам елде бес жыл тұрғаннан кейін азаматтыққа өтініш бере алады. АҚШ ықтиярхатының грин-карта деп аталуы құжаттың жасыл түсіне байланысты. Ел үкіметі грин-картаны жыл сайын бір миллионнан астам адамға береді.
“Грин-картасы бар адамның тұрғындармен құқығы тең. Тек сайлауға қатысып, дауыс бере алмайды. Карта көмегімен балаңызды тегін балабақшаға немесе мектепке орналастыру, жоғары оқу орнына түсу, жұмысқа тұру, медициналық қызметті тегін алу, әлеуметтік көмек және т.б мүмкіндіктерге ие бола аласыз. Сонымен қатар грин-карта арқылы өзге мемлекеттерге визасыз кіріп-шығуға болады. Бұл — басты ерекшеліктерінің бірі”.
— Грин-картаны қалай алуға болады?
— Бірнеше жолы бар. Мұндай карта АҚШ азаматымен отау құрған жағдайда рәсімделеді, сондай-ақ АҚШ компаниялары жұмысқа шақырған біліктілігі жоғары мамандарға беріледі (H1B визасы), сонымен қатар босқын ретінде де саяси пана сұрап алуға болады. Ал diversity visa (грин-карта лотереясы) – соның бірі ғана.
— Лотерея қалай ойнатылады?
— Халқының этникалық құрамын байыту үшін АҚШ үкіметі 1995 жылы «грин-карта лотереясын» іске қосты. Бағдарлама аясында жыл сайын 55 мың адамға кездейсоқ таңдау негізінде грин-карта беріледі. Лотереяға қатысу тегін. 18 жастан асқан, сотталмаған кез келген адам қатыса алады. Лотерея ұтып алғанның барлығы бірдей АҚШ-қа бара бермейді, кейбірі тіпті соңғы сәтте айнып қалуы да мүмкін. Ал кейбіреулері виза беру алдындағы тексеруден өтпей жатады.
— Ерлі-зайыпты бір уақытта өтініш бере ала ма?
— Иә, отбасы мүшелерінің екеуі де талаптарға сай болса, жеке сауалнаманы жібере алады. Осылайша, жұп жеңіске жету мүмкіндігін арттырады. Бірі жеңсе, жұбайы да отбасы мүшесі ретінде жасыл карта алады.
— Лотереяға қатысу үшін қандай құжаттар қажет?
— Грин-карта АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің ресми сайтында (dvlottery.state.gov) толтырылады. Оны толтыруға небәрі 5 минут уақытыңыз кетеді. Ол үшін ресми сайтқа өтіп, өзіңіз туралы негізгі мәлімет пен нақты мекенжайыңызды жазасыз. Отбасыңыз болса, жұбайыңыз бен балаларыңыз туралы мәліметтерді де енгізу қажет. Жасы 21-ден асқан балалар енгізілмейді.
Электрондық пошта арқылы жіберілетін негізгі құжаттар мыналар:
- толтырылған DS-260 сауалнамасының онлайн растау беті;
- паспорт;
- туу туралы куәлік;
- неке туралы куәлік;
- бұрын үйленген адамдар үшін ажырасу туралы құжаттар;
- 16 жастан асқан адамдар үшін соттылығы жоқтығы туралы анықтамалар;
- әскерде қызмет етсеңіз, әскери билет;
- виза үшін өлшемі 5×5 екі түрлі-түсті сурет;
- білім туралы құжаттар және еңбек кітапшасы.
- материалдық тәуелсіздік туралы қаржы құжаттары, мысалы, банк шотынан үзінді көшірме тікелей сұхбат кезінде қажет болады.
“Бір жыл ішінде осы құжаттар толық тексерістен өтеді. Мекенжайыңыз, отбасыңыз, балаларыңыз, тіпті 5×5 суреттің сапасына дейін жіті бақыланады. Кейін бағыңызға қарай лотерея арқылы кездейсоқ жеңіске жетуіңіз әбден мүмкін. Жеңіске жеткен жағдайда виза жақын туыстарына (жұбайы мен балалары) да беріледі. Лотерея нәтижесі әр жылдың мамыр айында белгілі болады».
Грин-карта Атакелдінің өмірін қалай өзгертті?
Атырауда мұнай-газ саласында инженер болып жұмыс істеген Атакелді Құрманғазы грин-карта лотереясына үш жыл қатарынан қатысқан. Тек үшінші мүмкіндіктен кейін ұтыс сәтті шығыпты. Қазір Атакелді отбасымен Техас штатындағы АҚШ-тағы төртінші үлкен қала болып есептелетін Хьюстон қаласында өмір сүреді.
“2017 жылы АҚШ-қа саяхаттап, онда өмір сүруге қызығушылығым артты. Сол жылдары грин-карта лотереясы туралы достарымнан көп естідім. Бастапқыда лотереяға сенбедім, жалған болар деп ойладым. Дегенмен нар тәуекел деп қатысып көруді шештім. 2018 жылдың мамыр айында лотереяның жауабы келді. Бірінші мүмкіндіктен өте алмадым. Содан кейін, 2018 жылы күзде тағы да бағымды сынап көрдім. Өкінішке орай ол жолы да лотерея сәтсіз болды. Көңіл-күйім түскені рас, бірақ іштей үмітті үзбедім. Ал 2019 жылы келіншегім Анаргүлмен ұтысқа бірге қатыстық. Бір қуантарлығы 1 отбасынан бірнеше адам қатысуға болады екен. Соның негізінде әйелімнің лотереясы сәтті шықты. 2020 жылы қыркүйек айында ұтыс қорытындысын көргенде қуанышымызда шек болмады”.
— Электронды почтаға «Сіздер кездейсоқ таңдау негізінде жеңіске жеттіңіздер. Бірақ бұл грин-карта беріледі деген сөз емес. Бірнеше ай ішінде керек құжатты тапсырып үлгеру керек. Бас тартқан жағдайда орыныңызды басқа адамға береміз. Бізге тез арада жауабын айтыңыздар» деген хат келді. Бұл мүмкіндікті бірнеше жыл күткен соң әрине бас тартпадық. Берілген 5 айдың ішінде керекті құжатты жинай бастадым. Ол уақытта Қазақстанда коронавирустың өршіп тұрған кезі еді. Карантин салдарынан АҚШ-қа бару қиынға соқты. Бірнеше мемлекетке ұшуға шектеу қойылды. Нәтижесінде, Түркия арқылы ұшуға тура келді. Сонымен 2021 жылы наурызда әйелім Анаргүл және қызым Айзеремен АҚШ-қа аттандық.
Атакелді елдің экономикалық мүмкіндігі мен халықтың әл-ауқаты айтарлықтай жоғары болғандықтан, күнделікті өмірге қажет кез келген өнімге еш қиындықсыз қол жеткізе алатынын айтады.
«Достарым АҚШ-та жұмыс табу ауыр болатынын ескерткен еді. Жақсы орынға бірден ала қоймайды. Америкаға келген кезде ешкім сізге барлық жағдайды жасап бермейді ғой. Оған тек тынымсыз еңбек етіп қана қол жеткізесіз. Мамандық бойынша жұмысқа орналасу қиын. Бастапқыда түрлі жұмысты істеуге тура келеді.
Досымның кеңесімен бірнеше ай тұрмыстық техникалық қызмет көрсету орталығында жұмыс атқардым. Ал қазір осы сала бойынша кішігірім компания аштым. Бір байқағаным, біз өте еңбекқор халық екенбіз. Кейбір адам “Америкада жүріп қарапайым жұмыс істегенің қалай?” деп айтуы мүмкін. Бірақ өзге елде біреуден артық болмасам, ешкімнен кем өмір сүріп жүргенім жоқ. Білім бар жерде жұмыс та бар».
— Дамушы елде өмір сүріп, америкалық қоғамға көшкен кезде әлеуметтік жағдайыңның бірден көтерілгенін сезінесің. Ал Қазақстандағы бір айлық жалақыны мұнда бір күнде тапқан кезде, одан да көп еңбек етуге жігерленесің. Алғашында доллармен есептеуге ұзақ уақыт үйренісе алмадық. Азық-түлік алғанда теңгемен санап, Қазақстанмен салыстырып жүрдік. Ал қазір АҚШ өміріне сіңісіп жатырмыз. Барлығына бірте-бірте үйреніп келеміз.
“Америкада еркіндік бар”
Атакелдінің отбасымен алға қойған жоспарлары көп. Сол себепті олар ойларын жүзеге асыру үшін Хьюстон қаласын таңдаған. Оның айтуынша, грин-карта ол үшін көптеген мүмкіндікке жол ашыпты.
— Америкада еркіндік бар. Олар кез келген жағдайда асығыс шешім қабылдамай, салқынқандылықпен әрекет етуге үйренген. АҚШ-та заң бәріне бірдей. Әр азамат қоғамның айырылмас мүшесі болғандықтан жеке құқығы қорғалған. Сосын саяси билікті халық сайлайды. Сәйкесінше олар халыққа қызмет етеді.
Атакелдінің айтуынша, америкалықтар шетел азаматтарын бөліп-жармайды, өздерімен тең көреді. Себебі олар өздерінің де иммигранттар ұрпағы екенін есінен шығармаған.
«Техас штатында адамдар өте мейірімді. Тіпті танымайтын адамдардың өзі қиналмастан көмек беруге дайын. Олар өзге біреудің дәстүрі мен сеніміне құрметпен қарайды. Жол жүру ережесі де қатаң бақылауда. АҚШ-тың бізден талап ететіні — жұмыс жасау және уақытылы салық төлеу. Басқа талап қоймайды. Осы күнге дейін мемлекет тарапынан ешқандай қыспақ көргеніміз жоқ. Бірақ мен «Қазақстанда бәрі жаман» дейтіндермен келіспеймін. Барлығы біз ойлағандай бола бермейді. Біз Американы кинодағыдай ғажайып санаймыз. Дегенмен бұл мемлекеттің де артық, кем тұстары бар. Тек мұнда мүмкіндік көбірек десек болады».
«Елге құр алақан қайтпаймыз»
Атакелді алдағы уақытта кішігірім компаниясын кеңейтіп, қазақ азаматтарын жұмыспен қамтуды көздейді.
— Грин-картамен АҚШ-қа келіп, қандай жұмыс істерін білмей жүргендер бар. Сол адамдарға көмектескім келеді. Instagram желісінде Америкаға келгісі келетін кейбір оқырманым менен кеңес сұрайды. Жұмыс табудан қиналса немесе үй таба алмай жүрсе қолымнан келгенше білгенімді айтып отырамын. Барлығы оңайлықпен келмейді. Ерік-жігерің болса барлығы да мүмкін.
«Болашақта АҚШ-та жоғары оқу орнына түсіп, БІЛІМ АЛСАМ деймін. Себебі берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, елге оралуды қалаймыз. Америкада қанша жыл тұратынымыз белгісіз. Бірақ елге қайтатынымыз анық. Қайда жүрсек те отанымыз ыстық қой, үйді сағынамыз. Келген мақсатымыз — АҚШ өмірін көру, білім алу, даму, бизнес саласын зерттеу. Бірақ осында иммиграция жасап, қалып қою ойда жоқ. Елге құр алақан қайтпаймыз. Оқыған біліміміз бен жинаған тәжірибемізді Қазақстанның даму жолына үлес ретінде қосамыз».