Бибол Әліпбай, АҚШ-тағы Оңтүстік Калифорния университетінің студенті:

Қазір коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны көп елдің бірі — Америкада жүрмін. Ауру жұқтырғандар қатары күн санап өссе де, «ауырып қаламын-ау» деп ойламаймын. Меніңше, барлығы «мен» деген инстинкт себебінен болар. Адам дүниеге келгеннен бастап өзін әлемнің орталығы сезінеді. Түпсанаға қорқыныш пен қысым бірден әсер етпеуі мүмкін. «Меннің» өмір сүруіне оқыс қатер төнгенде ғана бұл инстинкт адамның мінез-құлқын, жүріп-тұруын өзгерте бастайды.

Көп адам лотерея ойынын жақсы көреді. Себеп — аз шығынмен көп табысқа жететіндей көрінеді. Оңай табысты көздеген адам кейде шығынға батқанын білмей қалады. Коронавирус пандемиясы кезінде адамдардың карантинге мән бермеуінің бір себебі де осындай психиканың салдары деп ойлаймын.

Қазіргі кейбір ақпаратқа қарағанда коронавирус жұқтырғандардың тек 3-4%-і қайтыс болып жатыр. Көбі — қарттар мен созылмалы сырқаты бар адамдар. Денсаулығы жақсылардың көбі айығып шығып жатыр. Осыны білген жастардың бірқатары «лотерея» логикасы бойынша үйде күні бойы отырып, күйзеліске түскенше сыртқа шығып, демалуды артық көруі мүмкін. «Ауырсам, сауығып кетемін» деп ойлайды.

Ділдәр Мамырбаева, жазушы:

Ділдәр Мамырбаева. Фото жеке архивінен

Өзге өтірік болса да, өлім — хақ, бірақ ол айтып келетін қонақ емес. Болжалсыз. Сондықтан жалғанның қызығына алданбайтын жан болмас. «Ақыры өлемін ғой» деп шалқасынан жатып алатын ешкім жоқ. Дүниенің ырду-дырдуымен ананы істесем, мынаны істесем деп, үмітті үмітке жалғап, күн кешеді.

Қазір заманның қырын келіп тұрған сәтіне тап болдық. Әркім қал-қадірінше қам жасап жатыр. Осы қамдануымыз, сақтануымыз өлім жайлы ойлағандықтан болар.

Пандемия кезінде ғана емес, жалпы тіршілікте төрт құбыласы түгел, қанаты қайырылмаған, қабырғасы қайыспаған отбасылар некен-саяқ болар. Пәлен жыл бұрын жаңа ғана есік алдында өлең айтып, ойнап жүрген үшінші қызымды қас пен көздің арасында көлік қағып кетті. Өлім ойлантып кетті.

6-7 жыл бұрын жол апатына түстім. Бізге келіп соғылған көліктегілер тіл тартпай кетті. Біз де ақырындап адам қатарына қосылдық. Бұдан кейін өлім туралы ойламау мүмкін бе? Бірнеше жыл бұрын балам көлігімен аударылды. Көліктен түк қалмаған. Балам аман-есен. Өлім пендесін осылай оқтын-оқтын ойлантып кетеді. Үміт деген — бір шырақ,  «үф» деп, «сүф» деп, бойыңа қайрат беріп отырады екен.

Мейірман Лес, журналист:

Мейірман Лес
Мейірман Лес. Фото жеке архивінен

Бастауыш класта оқып жүргенде өлім туралы көп ойладым. Сол кезде бір күні ата-әжем, әке-шешем, бауырым өлетінін ойлап, қамығатынмын. Ал өз өлімім туралы мүлдем ойламаппын. Өйткені өзіңнің өлгеніңді сезбейсің, ал туысыңның қазасына шыдауға тура келеді.

Жақында университеттегі оқытушым «6 ай ғана өмірің қалғанын білгенде сол уақытты қалай өткізер едің?» деген тақырыпта тапсырма берді. Топтағы өзге студенттер қалай қабылдағанын білмеймін, алғашында өзіме бұл тақырып әсер ете қоймады. Кейін тапсырманы орындауды бастағанда барып терең ойландым. Келесі сабақта жазғанымды оқып отырып, дауысым дірілдегенін сездім. Өзімді 6 айдан соң шынымен өліп қалатын адам сезіндім. Жақында сол тапсырманы Instagram-парақшама салғанда достарым мен туыстарым шошып кетті. Кейбір туысым «Тапсырма болса да, мұндайды енді жазба», «Оқытушыңа дұғай-дұғай сәлем, мұндай тапсырма бермесін», «Жақсы сөйлеуге тырыс» деп жазды.

Оқытушымның айтуынша, шетелдің бір профессоры студенттеріне осындай тапсырма берген. Нәтижесі — студенттердің шығармашылық қабілеті артып, өмірге құлшынысы ояныпты. Бұл тапсырма маған кез келген сәтте өлім бар екенін еске түсірді. Осыдан кейін ешқашан өлмейтіндей боп өмір сүрмейтін болдым.

Өлім — болмай қоймайтын нәрсе, бірақ таныстарым ол туралы ойлағысы келмейтін болып шықты, оны басқалар әңгіме қылса да, ұнатпайды. Дүниежүзі коронавирус инфекциясынан зардап шегіп, адамдар қайтыс болып жатқанда да өлім туралы ойлағысы келмейтіндер бар. Мұны олардың әңгімесі мен әрекетінен көруге болады. Коронавирус өзі тұратын қалаға, өзі тұратын ауданға жетсе де, бұл инфекция оған жұқпайтындай жүреді. Айналасындағы адамдар өліп жатса да, өзі тірі қалатынына сенеді.

Қарлыға Бүйенбай, психолог:

Қарлыға Бүйенбай. Фото жеке архивінен

Пандемия адамдарға өлім туралы ой салады. Кез келген ақыл-есі дұрыс адамның мұндай жағдайда өлім туралы ойлап, бойын үрей билеуі — заңды құбылыс. Психотиктер ғана бұл сезім мен ойдан ада. Түсініктірек болуы үшін адамның тұлға ретінде дамуынан бастайын. Тұлға невротик, «пограничник», психотик болып бөлінеді. Алғашқысы екі қанаты бар құсқа тең. Бір қанаты — сүйікті ісі, екіншісі — сүйе білу қабілеті. «Пограничниктерде» осы қанаттың біреуі жоқ. Отбасын құрып, өзіне ләззат сыйлайтын істермен мәңгі қош айтысады немесе ақшаны күреп тапса да, махаббатта жолы болмайды. Психотиктерде бұл екі қанат та жоқ, олардың өз әлемі өзінде. Оған ешкімді кіргізбейді, өздері де шықпайды. Невротиктер мен «пограничниктер» пандемия кезінде қорқып жүргені сөзсіз. Басты мәселе — олардың қалай қорыққаны. «Бұл өмірден ғайып болып кетемін» дей ме, әлде, керісінше, «өмір өткінші, жақынымды бағалайын» дей ме? Психотиктер — қорқу арқылы шын қалауын жасыратындар. Мысалы, ондай адам «вирус жұқтырып алудан қатты қорқамын» десе, бұл, керісінше, оның осы нәрсеге деген ұмтылысын көрсетеді. Не үшін жұқтырып алғысы келетінін терапия барысында анықтаймыз.

Дүниеден қашан өтетінімізді түпсана өзі таңдаса да, оның себебі сыртқы фактордан болады. Адам бойында өлім мен өмірге деген құштарлық қатар жүреді. Осының алғашқысы басым түссе, адам бір үйде жалғыз өмір сүрсе де, коронавирус жұқтыруы мүмкін. Айтпағым — қатерге бейім болу әрқайсымыздың ішімізде, жанымызда, түпсанамызда.

Адамдардың енді бір тобы пандемия кезінде өмірге жаңа келгендей күй кешіп жатыр. Иә, олар да өлім туралы ойлайды, бірақ мүлдем басқа ракурстан. Алдымызға келген клиенттің психикалық күйін зерттейміз. Ең негізгі екі күй бар: параноид-шизоид және депрессив. Бастапқыда клиент айналасындағылардың бәрін жау көріп келеді, болып жатқан жағдайға енесін, ағасын, ата-анасын және тағы басқаларды кінәлайды. Құдды өзін қыспаққа алып, өлтірейін деп жатқандай күй кешеді. Бұл оның параноид-шизоид позицияда тұрғанын көрсетеді. Терапия барысында адамдардың ақ немесе қара болмайтынын, бірнеше «бояу» араласатынын шын түсініп, жауапкершілікті сезінген кезде депрессив позицияға өтеді. Осы позицияда ол өмірді шынайы бағалап, жанына жара салған жандарды кешіреді. Бастысы — өмірдің мәңгі емесін түсінеді. Пандемия кезінде біраз адам осы позицияда тұр деп айта аламыз. Олар өмірді бағалай түсу үшін өлім туралы ойланады.

Пандемия кезінде адамдарда «мен коронавирус жұқтырмаймын» деген үміт болуы өкінішті. Бұл — біріншіден, шынайы өмірден, екіншіден, жауапкершіліктен қашу.

Елдің экономика жағдайын ескерсек, кез келген адамның дәрі не басқа керек-жарақ сатып алуға шамасы жете бермейді. Мұндай адамдарға «мен коронавирус жұқтырмаймын» деген жалған үмітпен өмір сүру әлдеқайда жеңіл болуы мүмкін. Әрине, оларды кінәлау орынсыз. Олар түпсанасында шынайы өмірді, тұрмыс жағдайын қабылдау өзіне қаншалық ауыр тиетінін сезеді. Сондықтан өзін үмітпен қорғайды.