Хелен Луиза Тафт
Президент Уильяма Тафттың (1909-1913) жары инаугурация кешіне Frances Smith Company фирмасының ақ жібек көйлегімен келді.
Элеонора Рузвельт
Элеонора Рузвельт 1933 жылы күйеуінің инаугурациясына арналған мерекелік балға көгілдір түсті зерлі жібек көйлекпен келді. Ал, салтанатты шара кезінде лаванда гүліндей күлгін түсті барқыт көйлек киді. Сол кезде БАҚ АҚШ-тың бірінші ханымын Eleanor blue деп атады.
Ханымның екі көйлегі де Америкадағы ең атақты дизайнер Салли Милгримнің ательесінен шыққан.
Мейми Эйзенхауэр
Дуйат Эйзенхауэр 1956 жылы президенттік өкілеттілігі аяқталып, сайлауға екінші рет түсу арқылы мансабын ұзартқан кезде жары Мейми дизайнер Нетти Розенштейннің қолынан шыққан меруертпен көмкерілген ақ шілтер көйлек киіп, Trifari брендінің меруерт әшекейін тақты.
Жаклин Кеннеди
Джон Кеннеди өзінің инаугурациясының құрметіне бес бірдей бал ұйымдастырған. Салтанатты шараға оның жұбайы Жаклин Кеннеди кішкене бұлғын жағалы көгілдір түсті пальто мен муфта киді.
Клаудия Альта «Леди Берд» Джонсон
Президент Линдон Джонсонның жары инаугурацияға Джон Мурдың қолынан шыққан көйлекті таңдады. Алтын түсті атлас көйлектің жеңі бұлғынның терісінен жасалған. Айта кетейік, Леди — оның бала кезіндегі лақап аты, Берд — некеге тұрған кездегі тегі, Клаудия мен Альта ата-анасы қойған есімі.
Тельма Кэтрин «Пэт» Никсон
АҚШ-тың ең жанжал шығарғыш басшысы Ричард Никсонның жары атаулы күнде ел алдына сары түсті жібек көйлекпен шықты. Ол алтын, күміс жіптермен тігілген, Swarowski тастарымен зерленген еді. Оны Бірінші ханым үшін Harvey Berin фирмасындағы дизайнер Карен Старк тіккен.
Розалин Картер
АҚШ-тың 39-шы президенті Джимми Картердың жары 1977 жылы өткен балға артық шығындалмастан бұрыннан бар көйлегін киіп келді. Олай дейтініміз ол бұл көйлегін 1971 жылы күйеуі Джорджияның губернаторы болған кездегі ант беру рәсіміне киген еді. Көйлек Mary Matise for Jimmae фирмасына тән.
Нэнси Рейган
Рональд Рейганның инаугурациясына жары дизайнер Джеймс Галанос тіккен шілтерлі ақ атлас көйлекпен келді. Бұл кезде елде дағдарыс болып жатқандықтан БАҚ өкілдері Бірінші ханымды тым салтанатты көйлек кигені үшін сынға алған еді.
Кейін президент Рейган елдегі экономикалық қиындықтарды жеңген соң, 1985 жылы сайлаудан екінші рет жеңіп, өкілеттілігін ұзартты. Бұл балда Нэнси бұрынғы дизайнері Галаностың қолынан шыққан бұрынғысынан да қымбат көйлек киіп келді. Бағасы 46 мың доллар (қазіргі 100 мың доллар шамасында). Ол көйлекті тігу үшін дизайнер 300 сағат жұмсаған.
Барбара Буш
Arnold Scaasi фирмасынан шыққан қою көк түсті барқыт топ пен атлас белдемше киген Бірінші ханым 1989 жылғы инаугурациядан кейін «Американың ең сәнқой әжесі» атанды. Ол кезде Барбараның жасы 63-те еді.
Хиллари Клинтон
42-ші президент Билл Клинтонның алғашқы инаугурациясына жары Хиллари танымал Sarah Phillips New York брендінен күлгін түсті шілтерлі көйлек киді.
Ал, 1997 жылғы салтанатты шараға Хиллари атақты модельер Оскар де ла Ренттің көйлегімен келді.
Лора Буш
Лора Буш 2001 жылдың 20 қаңтарында Вашингтонда өткен сегіз балда да қызыл түсті шілтер көйлекпен жүрді. Бұл көйлекті техастық дизайнер Майкл Фэйрклоз (Michael Faircloth) тіккен еді.
Лора 2005 жылы күйеуінің екінші инаугурациясына да Оскар де ла Ренттің қолынан шыққан жылтыр күміс көйлек киді.
Мишель Обама
2009 жылы Барак Обаманың инаугурациясына Мишель дизайнер Джейсон Вудың (Jason Wu) туындысы — ақ түсті ашық көйлекті таңдады.
Обама екінші сайлаудан жеңген кезде Мишель тағы сол Джейсон Вудың көйлегін киді. Ол қызыл түсті барқыт пен шифоннан тігілген еді. Сондай-ақ, Бірінші ханым Jimmy Choo туфлиі мен Kimberly McDonald брендіне тән гауһар тасты білезік тақты.
Мелания Трамп
Мелания салтанатты шараға Ralph Lauren фирмасының жағасы үлкен көгілдір түсті пальтосы мен сол түстегі қолғап, сол түстегі туфли киді. Оның бұл образын БАҚ өкілдері Жаклин Кеннедиге ұқсатты.
Мелания салтанатты шарадан кейінгі балға өзінің дизайнер Эрве Пьермен (Herve Pierre) бірлесе отырып тіккен ақ түсті көйлегін киді.