«Астана» футбол клубының бір жылдық бюджеті белгілі болды

Бірнеше БАҚ-та «Астана» футбол клубының бюджеті 15 миллиард теңге екені туралы ақпарат жарияланды. Бұл сома асыра сілтеніп отыр. Клубтың 2021 жылға арналған бюджеті 5 миллиард теңге, — делінген клубтың хабарламасында.

Сарапшылар «Астана» футбол клубы бюджет көлемі бойынша Қазақстан чемпионатында алғашқы үштікке кіретінін айтты.

Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша «Астана» қостанайлық «Тобылдан» кейін екінші орынға тұрақтады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Астана» футбол клубының бұрынғы басшылығына қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Ведомство сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғанын растады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Астана» футбол клубы басшылығының өтініші негізінде клубтың ақшалай қаражатын жымқыру фактісі бойынша бұрынғы басшылыққа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Футболшылардың (легионерлердің) агенттеріне сыйақы төлеу арқылы ақшалай пайда табу жайттары тексеріліп жатыр, — деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.

Агенттік тергеу құпиялылығына байланысты тергеу барысы туралы өзге ақпарат жарияланбайтынын хабарлады.

Биыл тамыз айында клубтың бас директоры ауысты. Қазіргі уақытта бұл қызметті Тастанбек Есентаев атқарады.