Талдықорғандықтар «Бір үй – бір есепшот» принципіне көшеді

Осыған орай, бүгінгі күні Талдықорғанның тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қызметкерлері қала тұрғындарымен кездесіп, «Бір үй – бір есепшот» принципі бойынша жұмыс атқаратын «Мүліктің меншік иелерінің бірлестігі» мен «Жай серіктестік» жайлы ақпараттандырып жатыр.

Оның мәні туралы Талдықорғанның тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Айдос Жақыпбек былай деді:

Бүгінде Талдықорғанда 181 мың тұрғын, 814 көппәтерлі тұрғын үй бар. Олардың көпшілігі пәтер иелерінің кооперативіне қарайды. Дегенмен қазіргі уақытта аталған басқару жүйесі ескірген. Тұрғындар тарапынан көптеген сынға ұшырап жатқандары да бар. Қазіргі уақытта республикалық деңгейде қолға алынған реформа. Аталған Заң аясында басқарудың тек екі нысаны қарастырылған: Біріншісі —  Мүліктің меншік иелерінің бірлестігі (ММИБ)– бір көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп-ұстауды қаржыландыратын және оның сақталуын қамтамасыз ететін, заңды тұлға ретінде тіркелген коммерциялық емес ұйым. Екіншісі — Жай серіктестік (ЖМ) — заңды тұлға құрмай, мүлік иелерінің өзара бірігіп, кондоминиум объектісін басқару нысаны. Мұнда ортақ мүлікті басқару сенім білдірген адам арқылы жүзеге асырылады. Осының барлығын біз әр аулаға барып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарымен айналысудамыз, — деді ол.

Сонымен бірге кондоминиум объектілерін басқарудың жана нысандары меншік иелерінің өз баспаналарын өзері басқарып, қаражатын қадағалауға мүмкіндік береді. Себебі, көппәтерлі тұрғын үйді басқарушы тұлғалардың сол үйдің меншік иесі болуы шарт.

Егер бұрын ПИК бір мезгілде көп пәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкін күтіп-ұстау жөніндегі қызметке тапсырыс беруші және мердігер болған болса, онда жаңа басқару нысандары тек Тапсырыс беруші болады. Яғни тұрғындар басқарушы немесе сервистік ұйымдарды жалдап, орындалған жұмыс көлемін және олардың кондоминиум объектісі бойынша төлемін бақылайды. Ал пәтер иелерінің кооперативі өз қызметін 2022 жылғы 1 шілдеге дейін ғана жүзеге асыруға құқылы.

Талдықорғанның тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қызметкерлері реформаны келесі жылдың ортасына дейін жеткізуді жоспарлап отыр.