Қазақстанда педофилдердің елге кіруіне тыйым салатын заң қабылдануы мүмкін

Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарауға кірісті.

Депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, заң жобасын бір топ депутат әзірлеген. Құжаттың мақсаты – халықтың көші-қоны туралы заңды және қолданыстағы өзге де заңдарды жетілдіру.

Заң жобасы көші-қон саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындау, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін сотталғандардың біздің елге келуін, Қазақстан азаматтығын алуын шектеу, экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктерге елімізге келуіне тыйым салу, төтенше жағдайларда қолданылу мерзімі өткен құжаттарды пайдалану мәселелерін реттеу және тағы басқа түзетулерді көздейді, — деді Снежанна Имашева мәжілістің жалпы отырысында.

Мәжіліс комитеті заң жобасын қарауға алды.