Қарағанды облысында 20 жыл құлдықта болған ресейлік босатылды

Бұл туралы Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Әділ Әбілдин 44 жастағы құл иеленушінің ұсталғанын хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта тергеу басталды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде өзін Ресейдің Ярославль облысының тумасы Алексей Котов деп таныстырып, көмек сұраған ер адамның видеосы тарады.

Мама, папа, мен жиырма жылдан бері тұтқында жүрмін, көмектесіңдер, Қазақстаннан кетуге көмектесіңдер, — дейді ол видеода.

Ол сонымен бірге Қарағанды облысы Ақжал ауылындағы Мұхтар қыстағы мен сол жердің иесінің атын атайды.

Полиция құлдықта жүрген ресейлік туралы әлеуметтік желі арқылы білген.

Енді сотқа дейінгі тергеу қылмыстық кодекстің 126-бабы (бас бостандығынан заңсыз айыру) бойынша басталды.