Банктің қайырымдылық және демеушілік көмегі мынадай негізгі бағыттар бойынша көрсетіледі:
- балалар мекемесі
- қоғамдық ұйымдар
- ардагерлер
- шекарасыз ортаны дамыту
- білім беруді, спортты, мәдениет пен өнерді дамыту
Биыл Банктің мерейтойын атап өту аясында ерекше жоба – Нұр-Сұлтан қаласындағы Ботаникалық бақтың аумағында инклюзивтік балалар алаңының құрылысы жүзеге асырылады.
Бүгінде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 150 мыңнан астам бала бар, олардың 19 мыңы «балалардың церебральды сал ауруына» шалдыққан. Нұр-Сұлтанда сал ауруына шалдыққан 1169 бала тіркеуде. Зерттеулерге сәйкес, мүмкіндігі шектеулі балалардың көбі дамуы бойынша өз қатарластарынан медициналық көрсеткіштер бойынша емес, әлеуметтік жағынан, яғни, қарым-қатынастың, қозғалысты талап ететін ойындардың, белсенді түрде шұғылданатын сабақтардың жетіспеушілігінен артта қалуда. Осыны ескере отырып, Сбербанк ерекше қажеттіліктері бар балаларға ойын алаңын сыйға тартуды жөн көрді. Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімдігінің және «Сәби» қайырымдылық қорының қолдауымен Сбербанк мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше орын жасап береді, ол жерде балалар өз қатарластарымен уақыттарын қызықты өткізе алады.
Аталған алаң Ботаникалық бақтың аумағында салынады. Құрылыс жұмыстарын «EPGROUP» ЖШС жүргізеді, бұл компанияның дәл осындай бағыттағы құрылыста тәжірибесі мол. Бұл Нұр-Сұлтан қаласындағы ең үлкен инклюзивтік алаң болмақ – оның ауданы шамамен 1200 шаршы метрді құрайды. Аз қозғалатын балаларға кедергісіз және қауіпсіз қозғалуға мүмкіндік беретін арнайы эргономика алаңның ерекшелігі болып табылады. Алаң баспалдақтар, сырғанақтар, әткеншектер, интерактивті тақталар және вестибулярлық, есту аппараттарын, қозғалыс координациясы мен сезімталдылықты дамытуға бағытталған басқа да көптеген бейімдеу құралдары сияқты ойын элементтерінен құралады. Сонымен бірге алаң аумағында балаларға арналған амфитеатр салынады, ол жерде түрлі ойын-сауық шаралары өткізілетін болады, бұл мәдени дамуға да өз ықпалын тигізеді.
Сондай-ақ Банк жаңа трендтер мен жастардың қажеттіліктерін ескере келе, 2022 жылы экстремалды спорт түрлерін дамытуды, Алматы қаласында скейт-алаңының құрылысына демеушілік көрсетуді жоспарлап отыр. Мұндай жоба жастардың өзін-өзі дамытуына және салауатты өмір салтын ұстануына өз септігін тигізеді.
ESG негіздері бойынша
«Сбербанк» АҚ ЕБ халықаралық және ұлттық мақсаттарды, тұрақты даму және ESG (environmental – экологиялық, social – әлеуметтік, governance – корпоративтік) саласындағы стандарттар мен қағидаларды ұстанады. Осыған байланысты Банк 2021 жылы «Сбербанк» АҚ ЕБ-ның әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік, корпоративтік басқару және тұрақты даму саласындағы жария саясатын бекітті. Бұл Саясат Банктің ESG және тұрақты даму бағытындағы қызметін бір жүйеге келтіреді, сондай-ақ Банктің негізгі қағидалары мен міндеттерін, басқару жүйесін және мүдделі тараптармен қарым-қатынас орнату жолдарын айқындайды. Саясат ESG саласындағы талаптар мен ережелер, өзекті қағидалар, яғни, БҰҰ-ның Ғаламдық шартындағы қағидалар және ЮНЕП (Principles for Responsible Banking UNEP FI) Қаржылық бастамасының жауапты банк қызметі қағидалары ескеріле отырып әзірленді. Банк бұл тақырыптың маңыздылығын түсінеді, 2015 жылы халықаралық деңгейде қабылданған және адамзаттың өзекті мәселелерін шешуде үкіметтің, бизнес пен азаматтық қоғамның жұмсайтын күш-жігерін үйлестіруге негіз болатын БҰҰ-ның тұрақты дамудағы жетістіктеріне өз үлесін қосуға тырысады. Терең жасалған талдаудың негізінде Саясатқа басты мақсат ретінде тұрақты дамудың 13 Мақсаты енгізілді, бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін Банк өз үлесін қосады.
Бүгінде Сбербанкте жауапты қаржыландыру, әлеуметтік және корпоративтік жауапкершілік, ресурстарды үнемдеу және қалдықтар сияқты бағыттарды қамтитын шамамен 30 ірі ESG-бастамалар іске асырылуда.
«Қазақстандық компаниялардың ESG-қағидаларға өтуі әрі бұл сала бойынша жауапты инвестициялау шешімі – өте орынды, бүгінгі таңда бүкіл әлемдік тенденция тұрғысынан қалыпты жағдай, мен Сбербанк Қазақстанның экологиялық және әлеуметтік әсері оң нәтиже беретін жобаларды қаржыландыра отырып, бұл бастаманы трендке айналмай тұрғанда бастағанына қуаныштымын. Банктің барлық қызметкерлері жауапты инвестициялауға көшу — бұл қайта құрылымдауды талап ететін ұзақ мерзімді үрдіс екенін жақсы түсінеді, біз бұл салада белсенді жұмыс атқарамыз» — деді «Сбербанк» АҚ ЕБ Басқарма Төрағасы Елдар Теңізбаев.
Банк жауапты қаржыландыру бағыты бойынша ESG-портфелін өсіру, сондай-ақ клиенттерді ESG-қызметін жүргізуге ынталандыру жұмыстарын қарқынды түрде жүргізуде. Банк 2021 жылы жазда ESG-жобалардың аясында несие алатын клиенттерге қызмет көрсетуге арналған арнайы дисконттар шығарды. Сонымен бірге көптеген «жасыл» және әлеуметтік жобалар, сонымен қатар күн электр станцияларының, электр автобусы паркінің, мектептердің, қайта өңдеу зауыттарының құрылысы және т.б. қаржыландырылды. 2021 жылы Банктің ESG-портфелін 6 есе арттыру жоспарланып отыр.
Қоршаған ортаны қорғау
Сбербанктің ресурсты үнемдеу және саналы тұтынуға қатысты ұстанымы да банктің қоғамның алдындағы тікелей жауапкершілігін айқындайды. Экологиялық және табиғи жүйелерге қатысты жасалған әр іс-әрекеттің салдары ұзақ мерзімді болады, сондықтан Сбербанк және оның кез келген қызметкері қазірдің өзінде экологияға тиетін кері әсерлерді азайту шараларын қолдануда. Сбербанктің кеңселерінде қағаз, шыны, металл және пластик сияқты қайта өңделетін шикізаттарды бөлек-бөлек жинауға арналған бокстар, сондай-ақ тамақтың өңделген бөлшектеріне арналған бокстар орнатылған. Барлық қызметкерлерге шикізатты дұрыс іріктеу бойынша арнайы сабақ өткізілді, ағымдағы жылда қайта өңдеуге 7,9 тонна шикізат жіберілді. Сонымен бірге Сбербанкте орнатылған бокстарды мүмкіндігі шектеулі адамдар жасайды, осылайша, инклюзивтілік жағынан, яғни, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жұмыс орнын ұсынуға қолдау көрсету мүмкіндігі туындайды.
Сбербанк энергияны аз қолдану мәселесіне де ерекше мән береді. Барлық кеңселерде электр энергиясы мен суды өшірудің автоматты сезбектерін орнату, люминесценттік шамдарды жарық диодты шамдарға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Су мен жарықты тұтыну көлемін 2023 жылға дейін 20%-ға азайту жоспары Сбербанктің стратегиясына енеді. Жасыл бастамаларды іске асыру бойынша Банк қаржы компанияларының арасында өткізілген «Жасыл кеңсе-2021» атты III Республикалық байқаудың жеңімпазы атанды. Байқау 2019 жылдан бері ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтан қаласындағы бағдарламалар кеңсесі мен Экология министрлігінің қолдауымен өткізіліп келеді. Қоғамдық пайдаланудағы ғимараттардың экологиялығын, жайлылығын және эргономикалығын арттыру үшін экологиялық өмір салтын, «жасыл» және төмен көміртекті технологияларды насихаттау аталған байқаудың негізгі мақсаты болып саналады.
Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға қатысты негізгі бастамалардың бірі – ағаш отырғызу акциясы. Қыркүйектен бастап Банктің барлық өңірлердегі 17 Филиалының әрқайсысы әртүрлі көшеттер отырғызды. Барлығы шамамен 300 ағаш отырғызу жоспарға алынды.
Аталғандар Қазақстандағы Сбербанктің ESG бағытындағы барлық бастамалары мен жетістіктерінің толық тізімі емес. Алға қойылған жоспар көп, бізді қуантатыны, Сбербанктің бүкіл ұжымы бұл істі асқан ынтамен, қызығушылықпен атқаруда!