Нұрсұлтан Назарбаев Дәулет Сембаевтың отбасына көңіл айтты

Elbasy.kz хабарлауынша, Қазақстанның бұрынғы президенті көрнекті қаржыгер, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Дәулет Сембаевтың өмірден өтуіне байланысты ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтты.

Саналы ғұмырын отандық қаржы саласын дамытуға арнаған Дәулет Хамитұлы тәуелсіз Қазақстанның зейнетақы жүйесін реформалауға, ұлттық валютамыз – теңгенің енгізілуіне елеулі үлес қосқан қайраткер тұлға болатын. Ол көп жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Ұлттық банк төрағасы, Парламент Сенатының депутаты болды. Білім-білігімен және қажырлы еңбегімен еліміздің өсіп-өркендеуіне аянбай атсалысып, көптің зор құрметіне бөленді, – делінген жеделхатта.  

Нұрсұлтан Назарбаев Дәулет Сембаевтың  жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, белгілі қазақстандық қаржыгер Дәулет Сембаев 87 жасына қараған шағында қайтыс болды.