Павлодарда 26 миллион теңге ұрлаған колледж бухгалтеріне сот үкімі шықты

Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті Ақпараттық технологиялар колледжінде ақша жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі сотқа жолдады.

Анықталғандай, колледждің бас бухгалтері Ю.Безпалая қызметтік жағдайын пайдаланып, 2015-2020 жылдар аралығында бюджет қаражатын заңсыз иемдену бойынша қылмыс схемасын ұйымдастырған. Ол таныстары мен туыстарын колледжге жалған жұмысқа орналастырып, олардың атына заңсыз жалақы аударып, ақшаны өзі алып отырған, — делінген хабарламада.

Сот үкімімен бухгалтер 7 жылға сотталды. Ол сонымен бірге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан он жылға айырылды.