Президент: Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру қажет

Біз инновациялар мен стартаптарды дамытуға қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Бұл – ақпараттық технология дәуірінің басты талабының бірі. Сіздерді Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру мәселесін зерделеуге шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде.

Президент келесі жылы IT саласында еңбек етіп жүрген жастардың арнайы форумын өткізуді ұсынды.

Оны «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінде ұйымдастыруға болады. Қазір онда 560-тан астам компания жұмыс істеп жатыр. Оның 55-і – шетелдік компания. Стартаптар соңғы 2,5 жылда 375 миллион доллардан астам пайда тапты. Сонымен бірге 132 миллион долларға жуық инвестиция әкелді. Жалпы, «Astana Hub» технопаркінде жеңілдетілген визалық режим бар. Ал, онда жұмыс істейтін компаниялар салықтан босатылады, − деді мемлекет басшысы.