Алматы облысындағы ескелділік дихандар қарекеті қандай?

Не болды деп отырған шығарсыз? Дүбір тудырған кім деуіңіз де заңды сұрақ. Шаруалар! Енді түйсінген боларсыз. Қазір науқан. Ала жаздай төккен тер мен қажырлы еңбектің жемісін жинар дүбір бұл. Дала еңбеккерлерінің тап осы уақтағы миссиясы шашпай-төкпей, жауын мен шашынға қалмай елдің ырызғысын жинап алу. Сол үдеден шығу үшін ірі арпалысқа түсуде. Жуырда алқап пен алқапты жалғаған дүбірдің жайын білмекке шаруалар арасына бардық. Олардың қам қарекетін білдік. Нысанамызға – Көкжазық елді мекеніндегі «Досанов» шаруа қожалығының егін жинау қарекеті ілінді.

Әуелден күз ырызғы-несібе маусымы саналады. Саф алтындай даланы көмкерген осынау мезгілде Қосан Досанов басқаратын шағын шаруашылық қызу қарекет үстінде. Көктемде жерге түскен дән бүгінде уылжыған дақылға айналған. Шаруашылық басшысы егіннің шығымына разы. Оның айтуынша, биылғы жауын-шашынның аз түсуі мен ауа райының қолайсыздығына қарамастан еңбек өнімділігі байқалады. Биыл «Досанов» шаруа қожалығы 600 гектарға жуық алқапқа егін еккен. Оның 120 гектарына соя дәні себілсе, 300 гектарына арпа, 100 гектарына күздік бидай егілген. Оған қоса бүгінде өз өнімділігін байқатқан 50 гектар қызылша алқабы бар. Біз науқан басында болғанда шаруашылық жұмысшылары қант қызылшасын жинап жатыр екен.

Осы шаруашылықта еңбек етіп жүргеніме 10 жылдан асыпты. Осынша уақыт бойы отбасымды, оның ішінде 3 баламның ырызғы-несібесін осы жерден жинаппын. Әлі де аянбай еңбек етемін. Трактор тізгіндеп, еңбек өнімділігі үшін тер төгемін. Қазір науқан уақыты. Таңғы сегізде басталған қым-қуыт тірлік түнгі онда бір-ақ тынады. Мақсат – өнімді шашау шығармай жинап алу. Қай кезде де қолдауын аямайтын шаруашылық басшысы Қ.Досанов үнемі қасымызда. Бізбен бірге таң атырып, кеш батырып жүр. Қай кезде де басшымызға алғаусыз алғыс, — деді Мақсат Медетбеков.

Айтқандай-ақ, шаруашылық басшысы Қ.Досанов қызу еңбек етіп жатқан науқаншыларды қырағы бақылап тұр екен. Аз-кем сауқаттасқан соң, биылғы егіннің жайына, шаруашылықтың тынысына тоқталды.

Бүгінде шаруа қожалығында 25-30 жұмысшы нәпақа тауып жүр. Тап қазір барлығы егіс даласында еңбек етуде. Жауын-шашын жоқ кезде аянып қалмай, жер-Ана тарту еткен несібемізді жиып алуымыз керек. Мемлекет тарапы шаруалардың жайын назардан түсірмей, қолдауын аяп қап жатқан жоқ. Соның бір сипаты – жанар жағармай тапшылығын сезінгеніміз жоқ. Шынтуайтыны керек, еліміздің өзге өңірлерінде дизель отыны қат болып тұр. Ал, біз емен жарқын ештеңені уайым етпеу егінімізді жинап жатырмыз. Қыркүйек айына дейін дизель жағар майын 175 теңгеден алсақ, қазір 197 теңгеге жеткізілуде. Бұл да болса шаруалардың тірлігінің дөңгелеуіне сеп, — деді Қ.Досанов.

Шаруашылық еңбеккерлері бүгінде қант қызылшасы алқабында аянып жатқан жоқ. Су жаңа KLEINE комбайыны алқап төсін қақыратып, жер астына жасырылған құмыралы көмбедей қызылшаны асап барады. Түйірін қалдырып жатқан жоқ. Жаңа технологияның аты – жаңа ғой. Дала еңбеккерлері шаруашылық құзырындағы 50 гектардың 38 гектарындағы өнімді жинап алған. Шығым жаман емес, әр гектарына 500 центнерден өнім алынуда. Бір қызығы қант қызылшасын таудай етіп үйген жүк көліктері Ақсу ауданына бой түзеуде. Себебі, «Жетісу» ӘКҚ мен Ақсу ауданындағы қант зауыты екі жақты келісімнің нәтижесінде аталмыш өнімнің жеткізілуі шаруашылықтарға салмақ салмайды, оған кететін шығынды зауыт мойнына алған. Әрі қант қызылшасының келісі былтырғыдай 18 теңгеден емес, 22 теңгеден өткізілуде. Бұл да болса шаруаларға оң жампасқа келіп тұр.

Ауданда егін жинау науқаны қызып тұр. Шаруалар аянып жатқан жоқ. Егін жинауда техника жеткіліксіздігі байқалмайды. Шаруашылықтар бірінде жоғын бірінен алып, өзара ымыраластықпен қарекет етуде. Биыл Ескелді ауданының диқандары 3500 гектар алқапқа қант қызылшасын еккен еді. Бүгінде оның 800 гектардан астамынан өнім жиналды. Жалпы, егін жинау науқаны қараша айының нақ ортасында аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Әрине, ауа райы қолайлы болса, одан ерте аяқтауымыз да мүмкін. Жалпы, ауданның шаруалары қай істе де көпке үлгі тірлік етуден тартынған емес. Мәселен, еліміздің бірқатар өңірінде болған қуаңшылық салдарын сол аймақтардағы шаруалар қатты сезінбес үшін мал азығын жеткізіп берді. Шетпеге аудан көлемінен 11 вагон шөп жөнелтілді. Бұл ретте өзіміздегі мал азығының қажетті мөлшерде жиналуы қаперден түскен емес, — деді ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Айдын Исабеков.

Бөлім басшысының сөзін «Досанов» шаруа қожалығының басшысы да қуаттайды. Биыл қожалық иелігіндегі төрт түлікке қажетті шөп қорын жиып алыпты. 300 орамды, 2000 бау (тюк) шөп қоры жиналса, 200 тонна силос пен 230 тонна синаж даярлаған. Осынша мал азығын шаруашылыққа тиесілі 30 бас жылқы, 200 бас мүйізді ірі қара және 1 отар қой азық етпек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да