Ұлттық халық санағының нәтижесі қашан жарияланады?

Бюро басшысы халықты ақпараттандырудың барлық арнасында ұлттық санақты жария ету үшін ауқымды бұқаралық-түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты.

Бүкіл ел бойынша халық санағын өткізуге арналған 3 500-ден астам арнайы пункт жұмыс істеді. 1446 нөмірі бойынша арнайы call-орталығы тәулік бойы жұмыс істеді, − деді Нұрболат Айдапкелов Үкімет отырысында.

Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, ел тұрғындарынан 500 мыңнан астам өтініш түскен. Ал респонденттерге 25 миллионнан астам SMS-хабарлама жіберілген.

Бюро алынған деректерді өңдеуге кірісті және алдын ала деректерді биылғы желтоқсан айында ұсынуды жоспарлап отыр. Іс-шаралар жоспарына сәйкес, санақтың қысқаша қорытындылары 2022 жылдың ортасына жоспарланған және 2023 жылдың 1-тоқсанында санақтың толық қорытындысын жариялауды жоспарлап отырмыз, – деді бюро басшысы.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ұлттық халық санағы аяқталды. Онлайн сауалнамадан халықтың 42,5% өтті, ал жаппай аралап шығу арқылы 57,5% адам санақпен қамтылды.