Басты бетЖаңалықтарАқпарат министрлігі:...

Ақпарат министрлігі: Соттан басқа органдар журналистен дереккөзді ашуды талап ете алмайды

Министрлік үшін басымдықтардың маңызды блогы журналистердің құқықтарын қорғау болып қала береді. Бұл бағытта да бірқатар ұсыныс әзірленіп жатыр. Мысалы, журналист өз қызметін соғыс қимылдары, қарулы қақтығыстар, төтенше жағдай сияқты ерекше жағдайларда жүзеге асырған жағдайда оған құқықтық кепілдіктерді бекіту ұсынылады, − деді вице-министр Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан бұқаралық медианы заңнамалық реттеу туралы конференцияда.

Сонымен қатар министрлік өкілі пандемия кезеңі журналистердің қауіпті аймақтың алғы шебінде жүргенін еске салды.

Ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету шараларын заңнамалық деңгейде бекітуді ұсынамыз. Атап айтқанда, журналист алған ақпаратты құпия сақтау шартымен журналистің жарияламау құқығын қарастыру ұсынылады. Құпия көз тек соттың талабы бойынша ашылатынын көздеу қажет деп есептейміз. Басқа жағдайда ешқандай орган дереккөзді ашуды журналистен талап ете алмауы керек. Бұл елімізде журналистік зерттеулердің сапасын арттырып, осы бағытты дамытады деп ойлаймын, – деді министрдің орынбасары.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, БАҚ-та жарияланған мәліметтерді теріске шығаруды талап ету мерзімін 1 жылмен шектеу ұсынылды.