«Абай» шахтасындағы жарылыс бойынша қылмыстық іс қозғалды

Бұл туралы Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Абай ауданындағы шахтада метан газының жарылуы дерегі бойынша ҚР ҚК 277-бабы 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр, — делінген полиция хабарламасында.

Еске салайық, бүгін, 7 қараша күні, сағат 08.37-де Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында метан газының кенеттен жарылуынан 6 адам қаза тапты. 2 адам зардап шекті. Екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр.

Қаза тапқан және зардап шеккен кеншілердің аты-жөні жарияланды.

Шахтада барлығы 64 жұмысшы болды. 56 адам оқиға орнынан шығып үлгерген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке шахтерлардың отбасына көмек беруді тапсырды.