Қарағандыда жұмысшылар үй иесі мен бригадирді өлтіріп кетті

Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

4 қараша күні сағат 11.30 шамасында Қарағандыда жеке тұрғын үйдің ауласынан пышақ жарақатын алған екі ер адамның мәйіті табылды.

Полицейлер зардап шеккендердің бірі 59 жастағы үй иесі, екіншісі осы үйде жөндеу жұмыстарын жүргізген 72 жастағы құрылыс бригадирі екенін анықтады. Куәгерлердің айтуынша, екі жұмысшы жәбірленушілерді пышақтап, көлікті мініп, қашып кеткен.

«Құрықтау» жоспары жарияланды. Қаскүнемдер мінген көлік бірден облыстық полиция департаментінің бейнебақылау камераларына түсті. Жедел кезекші көлікті бақылап, барлық ақпаратты патрульдік полиция қызметкерлеріне жіберіп отырды, — деді Қарағанды ​​облысы полиция департаментінің басшысы Ерлан Файзуллин.

Жедел іс-шаралардың нәтижесінде Теміртау қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Қарағанды-Теміртау» тас жолында ұрланған көліктің соңына түсті. Олар екі күдікті – 34 және 39 жастағы ер адамдар мінген көлікті ұстады.

Ұсталғандар кінәсін мойындады. Қылмыс құралы тәркіленді.

Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Полицейлер оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтауға кірісті.