Бұл туралы Жамбыл облыстық ІІД-не сілтеме жасап ҚазТАГ хабарлайды.
ІІД-нің айтуынша, 2015 жылдың 3 қаңтар күні Жамбыл облысындағы автокөліктрассасының бойында орналасқан дәретхана шұңқырынан жаңа туылған нәресте табылып, бірден орталық ауруханаға жеткізілген.
“Өз сәбиіне асқан қатігездікпен қараған ананы іздеу үшін бүкіл облыстық ІІД-нің күші жұмылдырылды. Нәтижесінде жүргізілген ауқымды шара барысында 8 қаңтар күні Тұрар Рысқұлов аудандық ІІБ-нің қызметкерлері жергілікті жердің тұрғыны, 21 жастағы әйелді өз баласын өлтіруге әрекет жасады деген күдікпен ұстады”, – делінген жұма күнгі таратылған хабарламада.
Әзірге қылмыстық істің егжей-тегжейі тек тергеуден соң толық айтылады деп түсіндірді полициядан.
Еске сала кетсек, 3 қаңтар күні Алматы-Ташкент автотрассасының бойында орналасқан әжетханадан жаңа туылған нәресте табылды. Сәби әжетханатесігінен шұңқырға түсіп кеткен. Абырой болғанда сәби аман қалды.
Полицияның айтуынша, әжетхана шұңқырында жатқан сәбиді Меркі ауданына кетіп бара жатқан Тараз қаласының тұрғыны байқап, бірден құзырлы органға хабар берген.
Оқиға орнына Тұрар Рысқұлов аудандық арнайы-тергеу жасағы жедел жеткен. Полицейлер Жамбыл облыстық ТЖД-нің құтқарушыларын шақыртып, олар бетон еденді бұзып, сәбиді аман алып қалған.
Дәрігерлер Рысқұлов ауданының орталық ауруханасына жеткізілген сәбидің қыз бала екенін, салмағы 3 келі 600 грамм болып дүниеге келгенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта сәби Тұрар Рысқұлов аудандық ауруханасының балалар бөлімінде. Жағдайы қанағаттанарлық дәрежеде. Өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.
Аталған оқиға бойынша, Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалды.