Ерлан Тұрғымбаев: Рақымшылықпен босағандардың бәрін жұмысқа орналастыру керек

Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы талқыланды. Сұрақ-жауап барысында депутат Әмірхан Рахымжанов қоғамда рақымшылық елдегі қылмыстың өсуіне қалай әсер етеді деген алаңдушылық барын айтты.

Рақымшылық бойынша сотталғандардың бостандыққа шығуы қылмыс деңгейінің артуына алып келмей ме? Өйткені бостандыққа шыққандар тағы да заң бұзуы мүмкін ғой. Полиция органдары осы бағытта қандай шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр?, — деп сұрады ол ішкі істер министрінен.

Ерлан Тұрғымбаев рақымшылыққа қылмысы аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазасын өтеп жатқан азаматтар ілігетінін атап өтті.

Біріншіден, босатылғаннан кейін пробациядағы қызметкерлер, учаскелік инспекторлар оларды профилактикаға қояды. Екіншіден, жұмыс мәселесін шешеді, бәрін жұмысқа орналастыру керек. Ал енді бағынбаса, заңды түрде нормалар бар, соған сүйеніп тағы жауапқа тартамыз, — деп жауап берді министр.

Бұған дейін Ішкі істер министрі рақымшылық туралы заң жобасына сәйкес, 2 236 сотталушыға, пробациялық бақылауда тұрған 11 310 адамға рақымшылық жасалатынын мәлімдеді. Соның ішінде 1 мың тұтқын түрмеден босатылады.