Батыс Қазақстанда 780 оқушы коронавирус жұқтырды

Қазіргі кезде қала мен аудандардың бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің қаулысына сәйкес 6 мектепте 7 сынып карантинге жабылған. Жыл басынан бері індет табылған 2899 баланың 2830-ы жазылып шықты.

Күні бүгін облыс бойынша 581 науқас амбулаторлық ем алуда. Олардың 70,5 пайызының ауруы жеңіл өтіп жатыр. 6,7 проценті орташа, 22,8 проценті – симптомы жоқтар. Сонымен бірге 871 төсектік 16 инфекциялық стационарда жатқан 179 науқастың 17-сі жансақтау бөлімшесінде. Бұлардың біреуі аса ауыр халде. Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына 8, оттегі концентраторына 9 науқас қосылған.

Пандемия басталғаннан бері 38 959, биыл 29 738 адамның коронавирус жұқтырғаны тіркелді. Соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, ауру жұқтыру 6,9 процентке (21 науқасқа) төмендеді. Облыс бойынша COVID-19 диагностикасы бойынша 13 зертхана жұмыс істейді. Соңғы тәулікте 57 зерттеу жүргізілді.

Басқарма мәліметінше, биыл 648 адам коронавирустан көз жұмса, соның ішінде 28-і – қаңтар айында, 15-і – ақпанда, 30-ы – наурызда, 41-і – сәуірде, 57-сі – мамырда, 60-ы – маусымда, 144-і – шілдеде, 139-ы – тамызда, 90-ы – қыркүйекте, 44-і қазанда қайтыс болды.