Оралда үйі өртенге алты отбасыға 145 мың теңгеден беріледі

Бұл туралы жергілікті «Мой город» басылымы хабарлады.

Өрт 17 қазанда Өте Мусин көшесіндегі 6 пәтерлі барак типтес ағаш үйде болған. Өрт аумағы 250 шаршы метрді құрады.

Үй иелері сол түні көлікте қонғандарын айтады. Алдымен шатырдан тұтанған от кейін күш алып, ғимаратты түгел шарпыған. Үш пәтер түгел жанып кетсе, қалған үшеуі жартылай зардап шеккен. Алайда, жөндеуге келмейді.

Орал қалалық әкімдігіне қарасты төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Әділбек Қадыровтың айтуынша, үйі өртеніп кеткен тұрғындар әкімдіктен көмек сұрап келген екен.

Бұл жеке тұрғын үй. Ондағы тұрғындардың бәрі қарапайым адамдар, осыған дейін ешбірінің үстінен шағым түспеген. Арасында көпбалалы отбасы жоқ. Олар өрттен аман қалған заттарын шығарып алуға көлік сұрады. Біз көмектесуге тырысып жатырмыз. Сондай-ақ, комиссия бұл отбасыларға бір реттік жәрдемақы беру мәселесін қарады, — деді Әділбек Қадыров.

Белгілі болғандай, өрттен зардап шеккен әр отбасыға әкімдік тарапынан бір реттік көмек ретінде 50 АЕК, яғни 145 850 теңге төленеді.