Пенжімдегі жаппай төбелес: зардап шеккендердің денсаулығы жақсарып келеді

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ресми өкілі Ләйлім Әубәкірова айтты.

2005 жылы туған науқас жансақтау бөлімінен травматология бөлімшесіне ауыстырылды. Ал 1967 жылы туған науқас хирургия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Қазіргі таңда екі науқастың да жағдайы жақсарып келеді. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауырлықта деп бағалап отыр. Пациенттерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, — деді ол.

Еске салайық, 27 қазан күні Панфилов ауданының Пенжім ауылында оқушылар арасында жаппай төбелес болды. Салдарынан бір оқушы ауруханаға түсіп, бірнеше үй мен көліктің терезесі сынғаны хабарланды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Дәрігерлер алғашында зардап шеккен баланың денсаулық жағдайы ауыр екенін айтты.

Бүгінде ауылдағы үйлердің материалдық шығындары есептеліп жатыр. Қазіргі уақытта 30-дан астам үйдің терезелері толықтай қалпына келтірілген.